Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы қызметкерлеріне құрмет

Қаржы қызметкерлеріне құрмет

Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 27 жыл. Ұлттық валютаның тарихы 12 қарашадан бастау алады. 1993 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, 15 қарашадан бастап еліміздің төл валютасы айналымға енді. Арада төрт жыл өткеннен кейін, яғни 1997 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 15 қарашада ұлттық валюта күні және қаржыгерлер мерекесі қатар тойланатын болды.
Елдігіміздің айғағы, тәуелсіздігіміздің тірегі болған осы айтулы күндерге байланысты өткен жұмада аудан әкімдігінде жиын өтті. Жиналыс барысында аудан әкімі Қ.Мүбараков теңгенің қаржы саласындағы ел әлеуетін арттыруда, қоғамда алар маңызды рөліне әрі ұлттық валютаның тәуелсіздік нышанының бір айғағы екеніне тоқталды. Сондай-ақ жиынға қатысушы қаржы саласының қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, ізгі ниетін жеткізді. Сөз барысында аудан әкімі «Көршілес мемлекеттердің валюталарымен салыс­тырып қарағанда біздің төл теңгеміз қаржылық жағынан да, дизайндық жағынан да бағалы екенін дәлелдеді. Бүгінгі таңда теңге өз мәртебесін сақтап, Қазақстанның қуаттылығын нығайтуға үлес қосуда. Осы тұста қаржы жүйесінің қызметкерлері мемлекеттің стратегиялық мақсаттағы жобаларын жүзеге асырудағы алатын орны ерекше» дей келе, бірқатар қаржы мамандарын марапаттады.
Кәсіби мереке қарсаңында аудан әкімі қаржы саласының зейнеткерлері Т.Шығанбаев пен Д.Бабашевқа алғыс хат табыстады. Сондай-ақ «Қазақстан халық банк» АҚ-ның Шиелі аудандық бөлімшесінің басшысы Ә.Ергешбаев, «Қазпочта» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының Шиелі аудандық бөлімшесінің басшысы А.Бимағамбетов, Каспий банк АҚ-ның Шиелі аудандық бөлімшесінің басшысы О.Баймағанбетова, «КМҒ» микро қаржылық ұйымының Шиелі аудандық бөлімше басшысы М.Аненов, «Центр Кредит» АҚ-ның Шиелі аудандық бөлімшесінің басшысы С.Ыдырысов та алғыс хат иеленді. Жиын соңында марапат иелері аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, қатысушыларды ұлттық валюта күнімен құттықтады.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
17 қараша 2020 ж. 493 0