БІЗДІҢ ДЕРЕК
1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді.
Теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикасында басылып шықты.
1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты.
1993 жылы қарашаның 12-сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.
Арада үш күн өткен соң, 15 қарашада тәуелсіз Қазақстан Республикасының өз валютасы қаржы нарығында айналымға енді.
Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.
Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді.
Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.
Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнот – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы банкнот фабрикасында, ал, монета – Өскемендегі монета сарайында шығарылады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы наурыздағы №2155 «Қазақстан Ресубликасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, монеталар мынадай түрге бөлінеді:
– инвестициялық монеталар – инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар;
– коллекциялық монеталар – коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар;
– айналыста жүретін монеталар – қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айналымға арналған монеталар.
Елімізде инвестиялық монеталар «Жібек Жолы» деп аталады, олар 1996 жылы 19 ақпаннан бастап айналысқа шығарылды.
Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.