Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЙШЫҒЫ

ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЙШЫҒЫ

Ертең Қазақстан тәуелсіздігінің айғағы – Ұлттық валюта күні. Осыдан тура 27 жыл бұрын төл теңгеміз айналымға еніп, ұлттық валютаның тарихы басталған еді.
Иә, 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8:00-де бас­талып, 20 қараша күні 20:00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекет аралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын. Жалпы төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге әкелген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт «ИЛ-86» ұшақтары Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген. Бұл жайында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев былай деп еске алған еді: ­«­Ил-86» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»...

Қазақ теңгесі қалай өзгерді?
Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені есімізде. Атап айтсақ, оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болған. Кейіннен 2006 жылы теңгеміздің кескіні түбегейлі өзгерді. Ұлттық валютадан тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Жаңа үлгідегі банкноттар бірыңғай стильде жасалды. Онда заман талабына сай өзгерген әсем Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталған. 3 теңгелік номинал жоғалып, 1-ден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақша темір теңгеге айналды.
Жаңа банкноттарда қорғаныш қабаты күшейді. Себебі оңай олжаға кенелгісі келетіндер валютаны қолдан жасаудан тайынбайтыны белгілі.
Қазақ валютасы қолданысқа енгелі ерекше дизайнымен түрлі байқауларда топ жарып, ең үздік банкнот атағын иеленіп келеді. Мәселен, Халықаралық банкнот қоғамдастығы интернет-дауыс беру арқылы «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы «Қазақ Елі» сериясынан шыққан 5 000 теңгелік банкнот та екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкноты да «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағын алды. Бұл тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәттер еді.

Девальвация: 4,75 теңгеден 429,3 теңгеге дейін
Теңге алғаш рет айналымға енген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілген еді. Содан бері ұлттық валюта бірнеше рет құлдырады.
Алғаш рет төл теңгенің құнсыздануы 1999 жылы сәуірде болды. Теңге бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 64,6 процентке құнсызданып, бір долларға шаққандағы құны 138 теңге 25 тиын болып қалды. Бұдан кейін теңгенің арзандау қарқыны бәсең жүріп, 2002 жылы бір АҚШ долларының бағасы 156 теңгеге таяп барып тоқтады.
Екінші девальвация 2009 жылдың ақпанында болды. Бұл кезде төл теңгеміздің құны 25 процентке түсіп кеткен еді. Бірнеше сағат ішінде айырбас пунктерінде доллар құны 128 теңгеден 170 теңгеге дейін өсті, ал кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 150 теңге деңгейінде тұрақтады.
Араға бес жыл салып, ұлттық валюта тағы құлдырады. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 155,5 теңгеден 185 теңгеге дейін өсті. Ұлттық банк теңгенің бұлайша құлдырауын әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы ахуалмен түсіндірген еді.
2015 жылдың тамызында қазақстандықтар төртінші девальвацияға куә болды. Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберіп, жаңа ақша-несие саясатын бастады. Бұл жаңалықтан кейін теңгенің биржалық бағамы бір тәулікте 26%-ке түсіп, доллар 255 теңгеден сатыла бастады.
Бүгінгі жағдай бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 429,3 теңгені құрап отыр.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
14 қараша 2020 ж. 1 458 0