Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ ЖАСТАРЫ КИНО ӘЛЕМІНДЕ

ШИЕЛІ ЖАСТАРЫ КИНО ӘЛЕМІНДЕ

Шиеліде жас таланттардың өнер жолындағы тағы бір қадамына жол ашылды. Көрерменнің ықыласына бөленіп, алғашқы маусымының түсірілімі толық аяқталған «Зумер» Instagram-сериалы енді жаңа бөлімдерімен жалғасын таппақ. Жасөспірімдердің өмірі мен армандарын арқау еткен туындының екінші маусымының түсірілімі 11 қараша күні М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінде басталды. Өнерге құштар өрендер үшін бұл – өз қабілетін танытып, кино әлемінде тәжірибе жинақтауға берілген мүмкіндік.
Түсірілімнің алғашқы күні шығармашылық топ үшін ерекше сәт болды. Кино дәстүріне сай, камера қосылар алдында тәрелке сындырылып, жаңа жобаның сәтті болуына ниет білдірілді. Осылайша, «Зумердің» екінші маусымы ақжолтай ырыммен бастау алды.
Жобаның негізгі идея авторы әрі бастамашысы – «Керім-ай» өнер мектебінің басшысы Айгерім Әлмахан. Ал сериалдың режиссері – Шахмардан Жармаханұлы. Бірінші маусымы көрерменнің ықыласына бөленген туындының жалғасын түсіру үшін алдын ала кастинг ұйымдастырылған. Іріктеуге 139 бала қатысып, олардың арасынан кейіпкерлердің рөліне сай 17 оқушы таңдалып алынған.
Режиссердің айтуынша, кастинг кезінде таңдау жасау оңайға соқпаған. Себебі үміткерлердің барлығы дерлік өнерге бейім, қабілетті балалар болған. Дегенмен әр кейіпкердің мінезі мен болмысына сәйкес келетін орындаушыны табу маңызды еді.
– Бірінші маусым көрермен тарапынан жақсы қабылданды. Қызылорда облысынан, Алматыдан және басқа да өңірлерден хабарласып, жылы пікірлерін білдіргендер көп болды. Балаларды өнерге баулып, осындай сериал түсіріп жатқандарыңызға рақмет айтқандар да бар. Тіпті кейіпкерлерді сомдаған балалардың өз жанкүйерлері пайда болып, фан-парақшалары ашыла бастады. Балалардың еңбегіне көрерменнің осындай ықылас танытуы біз үшін үлкен қуаныш әрі алдағы жұмысымызға шабыт береді. Айгерім Әлмаханмен жұмыс істеу де жақсы. Негізгі идеясы мен сценарийі дайын, сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Оқушылармен жұмыс істеу маған ұнайды. Олармен бірге жүріп, өзің де мол тәжірибе жинақтайсың, – дейді режиссер.
Сериалдың «Зумер» аталуы да көрерменнің таңдауымен жүзеге асқан. Жоба жетекшісі Айгерім Әлмахан туындының атауын көпшілікке ұсынуды тапсырып, нәтижесінде көрермендер «Зумер» атауына тоқталған.
Оның айтуынша, сериалдың негізгі мақсаты – жас буынға өмірлік маңызды құндылықтарды қызықты оқиғалар арқылы жеткізу.
– «Зумер» арқылы әр жастың өзіне деген сенімін арттырып, уақытын дұрыс пайдалануын, достықтың қадірін түсініп, арманына ұмтылуын қалаймыз. Сериал арқылы достық, жауапкершілік, еңбекқорлық, дұрыс таңдау жасау және өз жолыңды табу секілді құндылықтарды көрсеткіміз келеді. Себебі кейде адамның өміріндегі бір ғана таңдауы оның болашағын өзгертуі мүмкін. Сериал – бүгінгі жастардың өмірі, арманы мен таңдауы туралы туынды, – дейді жоба жетекшісі.
Шиеліде қолға алынған бұл бастама – ауданның өнерлі жастарына берілген үлкен мүмкіндік. Балалардың камера алдында өзін сынап, түрлі кейіпкерді сомдауы олардың қабілетін шыңдап қана қоймай, өзіне деген сенімін арттырады. Түсірілім алаңындағы әрбір тәжірибе – жасөспірімдер үшін өнер мектебінің өзгеше бір сабағы.
Бүгін «Зумер» сериалында алғашқы рөлін сомдап жүрген жасөспірімдердің арасынан ертең елге танылған өнер иелері шығуы әбден мүмкін. Өйткені үлкен өнерге бастар жол кейде осындай шағын қадамнан басталады. Шиеліден бастау алған шығармашылық жобаның өрісі кеңейіп, жас таланттардың қанатын қатайта түсуіне сеп болғай!

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
фото автордікі
16 қараша 2026 ж. 14 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9453).

14 қараша 2026 ж.

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30