Қызылордадағы мектепте киностудия ашылды
Қызылордадағы мектепте фото және киностудия ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР Еліміздің жастары жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы қажет- Евгений Демиденко Білім министрлігі балаларды бір күнді интернетсіз өткізуге шақырады Биыл елімізде 5 мың студентке жатақхана беріледі Киностудия №2 «Мұрагер» мектебінде тұсауын кесті. «Murager production» деп аталатын студия жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға көңіл бөледі. Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған студия осылайша талантты жастарды өнер әлеміне баулуға ықпал етеді. «Бізде жас өрендер бұл істің қыр-сырына әбден қанығады. Әуелі сценарий жазу ісімен айналысса, одан кейін актерлік шеберлік, режиссерлік пен актерлік өнерге ден қояды. Анимациялық фильмдер мен әлеуметтік ролик түсіру ісін де назарда ұстайтын боламыз», - деді фото және киностудияның көркемдік жетекшісі Жеңісбек Сүйіндіков. Алдағы уақытта студия басшылығы актерлерді эфирге дайындау ісін меңгерген визажист мамандығы иесін де жұмысқа тартуға көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Оқушылар арасында бұл кәсіптің қыр-сырын меңгергісі келетін өрендер де баршылық. «Бүгінде елімізде киноиндустрия ісіне қызығушылық артып келеді. Оған деген сұраныс та зор. Отандық киноөнімдер көрермен тарапынан қызығушылықты арттырып келеді. Біз сол бағытта қызмет ететін жастар қатарын көбейтуді мақсат етеміз», - деді Жеңісбек Сүйіндіков. Алдағы уақытта мектеп оқушылары кино мен фото ісін үйреніп, өздерінің алғашқы дүниелерін жасауға ниет білдіріп отыр. Қазірдің өзінде алғашқы туындыларын жұртшылыққа ұсынып үлгерді. Онда мектептегі қызықты оқиғалар барысы суреттелген. Қысқа метражды аталмыш фильм көпшілік тарапынан зор қошеметке ие болды. Айта кетейік, №2 «Мұрагер» мектебі - Қызылорда облысындағы оқу ошағының бірі. Былтыр Сыр өңірінде «Үздік білім беру ұйымы» байқауында жеңімпаз атанып, 17 млн теңгенің сертификатын алды. Мектеп ұжымы аталмыш қаржыны осындай игі мақсаттарға жұмсауды жоспарлап отыр.
inform.kz
inform.kz