Энергетика саласындағы жаңару: нақты нәтиже, жүйелі жұмыс
Энергетика саласындағы әрбір жаңғырту жұмысы – тұтынушыға үздіксіз жарық жеткізіп, өндірістің тұрақты тынысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Ал мұндай жұмыстардың нәтижесін көпшілікке ашық таныстыру – саладағы жауапкершілік пен жариялылықтың айқын көрінісі. Осы мақсатта Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Уранқуат» ЖШС нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды.Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан шара барысында серіктестіктің 2025 жылға арналған Инвестициялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар таныстырылып, электр желілері шаруашылығын жаңғырту бағытындағы нақты нәтижелер көрсетілді. Баспасөз турына Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Көкенов пен «Уранқуат» ЖШС бас директоры Жәнібек Байдұлла қатысты.
Баспасөз туры кезінде серіктестік мамандары әрбір нысанда атқарылған істің мән-маңызын түсіндіріп, жаңадан орнатылған жабдықтардың ерекшеліктері мен техникалық мүмкіндіктерін баяндады. Журналистер инвестициялық бағдарламаның қағаз жүзіндегі жоспар ғана емес, нақты өндірістік нысандарда жүзеге асқан жұмыстар жиынтығы екеніне көз жеткізді.
Жалпы, энергетика инфрақұрылымын жаңғырту бір маусымдық жұмыстың аясына сыймайтын ауқымды іс. Ол жүйелі жоспарлауды, тұрақты инвестицияны және техникалық жауапкершілікті талап етеді. Бүгін ауыстырылған тірек, жаңартылған қорғаныс құрылғысы мен орнатылған қазандық ертеңгі күннің сенімді жұмысына қаланған негіз десек, артық айтқандық емес.
Осындай баспасөз турлары атқарылған жұмыстардың нәтижесін жұртшылыққа кеңінен таныстырып қана қоймай, инвестициялық қаражаттың нақты мақсаттарға бағытталғанын көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге кәсіпорын қызметінің ашықтығын арттырып, энергетика саласындағы жаңғырту үдерісіне қоғамдық назар қалыптастырады.
«Уранқуат» ЖШС нысандарында жүзеге асқан жұмыстардың түпкі мақсаты да осы – электр желілерінің техникалық әлеуетін нығайту, жабдықтардың пайдалану мерзімі мен сенімділігін арттыру, тұтынушыларды сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету.
Гүлнәр Дүйсебай







