ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жаңғыртылған және кайта калпына келтірілген нысандарына баспасөз туры өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, «Аманат» партиясы өкілдері, қоғамдық бірлестік басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – тарифтің ашықтығын қамтамасыз ету. Себебі, тұтынушылар арасында жарықтың жиі сөнетініне, тарифке, электр энергиясының сапасына қатысты наразылықтар туындап жатады. Дегенмен, мәселеге қатысты атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстар да жетерлік.
Айталық, облыс бойынша «ҚЭТТК» АҚ теңгерімінде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 1800-ге жуық қосалқы трансформаторлық станция бар. Бүгінгі таңда осы электр желілерінің 68 пайызының тозығы жеткен.
Баспасөз туры қатысушылары алдымен «ҚЭТТК» АҚ мекемесінде болып, желілерді жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Компания активтерінің сенімділігін қолдау, техникалық кайта жарақтандыру мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бірлескен бұйрығымен меншікті және бюджеттік қаражаты есебінен жалпы сомасы 3213 млн теңгеге 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген.
Қалалық электр тарату тораптары басқармасы директоры Ерболат Кәленовтің айтуынша, былтыр бағдарламаны іске асыру барысында облыс орталығында бірқатар жұмыс атқарылған.
– Қызылорда қаласында 582 қосалқы станса бар. «ҚЭТТК» АҚ инвестициялық бағдарламасы аясында 33,5 шақырым электр желілері жаңартылды. №9 орталық тарату пунктінің бірінші секциясында құрылғыларды толық алмастыру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, 762 дана электр есептегіштері ауыстырылып, АСКУЭ бағдарламасына енгізілді. Жаңа бағдарлама интернет арқылы барлық көрсеткіштерді алып отырады, – дейді Ерболат Кәленов.
Инвестициялық бағдарламада көзделген іс-шараларды орындау электр жабдықтарының сенімділігі мен жұмысқа қабілеттілігін жақсартуға, электр желілерінің тозуын азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Баспасөз туры қатысушылары мекемеге қарасты №9 орталық тарату пунктіне де барып, жаңғыртылған нысан жұмысын көрді. Жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған нысан өткен жылы жаңғыртудан өтіп, құрылғыларының жартысы жаңасына ауыстырылған.
– Биыл жыл соңына дейін мұндағы құрылғылар толық жаңартылып, ескі ажыратқыштар заманауи вакуумдық ажыратқыштармен ауыстырылады. Бұл мақсатқа 96 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Тиісті келісімдер жасалған. Жаңа құрылғылардың жеткізілуін күтудеміз, – дейді «ҚЭТТК» АҚ өндірістік-техникалық қызмет бөлімінің бастығы Әлішер Қаждар.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде биылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бағытында жұмыс жасалуда. Оның негізгі міндеті – табиғи монополиялар субъектілеріне қосымша инвестициялар тарту, жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайту есебінен электр, жылу және сумен жабдықтау саласындағы желілердің тозуын кемінде 15-20 пайызға төмендету.
Департамент басшысы Айбек Егембергеновтің айтуынша, «ҚЭТТК» АҚ-да бес жылға ұзақ мерзімді тариф бекітілген.
– Мекеменің өз инвестициялық бағдарламасы бар. Өткен жылы өз қаражаты есебінен 345 млн теңге бекітілді. Соның нәтижесінде біршама электр желілері, қосалқы стансалар ауыстыруға жатады. Қазіргі таңда мекеменің электр желілерінің тозу деңгейі 68 пайызды құрап отыр, – дейді Айбек Егембергенов.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясындағы мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табуда. «ҚЭТТК» АҚ тозу дәрежесін 68 пайыздан 65,5-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Ол үшін биылға арналған инвестициялық бағдарламада барлығы 1345 млн теңге көзделген. Оның iшiнде мекеменің өз қаражаты есебiнен 371,5 млн теңгеге 27 шақырымнан астам электр желілері мен №9 ОТП екінші секциясы жаңғыртылып, автотехника сатып алынады.
Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 10/0,4 кВ қосалқы станцияларын 35 дана ҚТПБ үлгісіндегі қосалқы станцияларға ауыстыруға, ұзындығы 21,15 шақырым 10 кВ кабель желілерін ауыстыруға және ұзындығы 10,5 шақырым 0,4 кВ кабель желілерін ауыстыруға 973,3 млн теңге бөлінген.
Атқарылған жұмыстар облыстың алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етеді. Баспасөз туры барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Мамандар жан-жақты жауап берді.
Биболат СӘТЖАН