Электр желілері қайта жаңартылмақ
Қазіргі таңда Ы.Жақаев және Байсын елді мекендеріндегі ескіріп, тозығы жеткен 0,4 кВ әуе желілерін жаңартып ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» Акционерлік қоғамының тарапынан «Еуропалық қайта жаңғырту және даму» банкінен несие алу арқылы жүзеге асырылуда. Шиелі аудандық торабының басшысы Нұржан Күздеубаев өңір бойынша электр желілерін жаңартуға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстары барысын брифингте жеткізді.
Осы жұмыстардың жүргізілуі барысында техника қауіпсіздік ережелеріне сәйкес электр желілері жиі өшіріліп, тұрғындарға біршама қолайсыздықтар тудырылуы мүмкін. Бұл қолайсыздық уақытша ғана орын алады. Электр желісін ауыстыру жұмыстары толығымен жаңартылып біткен соң электр энергиясының сапасы мен тұрақтылығы арта түспек.
– Жалпы жұмыс көлемі 34 дана 10/0,4 кв қосалқы станциясынан шығатын 95,42 шақырым 0,4 кв әуе желісі жаңартылады. Сонымен қатар, 18 дана 10/0,4 кв қосалқы станциясы ауыстырылады. Бұл ауданның экономикалық дамуына зор үлесін қосатын болады. Кенттегі А.Байтұрсынов көшесі бойындағы қосалқы станциясынан шығатын 0,4 кВ әуе желісінің 114 дана темір бетон бағаналары А.Байтұрсынов, С.Алпамышев, Есабыз, С.Сейтенов, Қ.Қазантаев көшелеріне орнатылып, сымдар тартылып, қосымша бағана орнату кездерінде тұрғындардың электр энергиясы өшіріледі, – дейді аудандық электр торабының басшысы Нұржан Садуұлы.
Сондай-ақ, Шиелі кентінің теріскей бетіндегі Сәтпаев көшесінде ораласқан №47 қосалқы станциясынан шығатын әуе желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында трансформаторларды күнделікті бақылап, арнайы кезекшілік жұмыс істейді. Темір жәшіктің ашылып кетуін, құлыпталуын қадағалап тұрады.
Электр желілерін қайта жаңарту арқылы электр қуатын үнемдеп, қанша электр энергиясын тұтынып отырғанының нақты есебін білуге болатынына тоқталды. Сондай-ақ, бұл толығымен іске асқанда электр энергиясы үздіксіз, әрі сапалы ұзақ уақыт берілуіне қол жеткізілетінін мәлімдеді.
Жұлдызай ҚАУҒАНБАЕВА.