Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз қоғам – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті

Қазалыда «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз қоғам – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті




Қазалы ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнықтыру және қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне байланысты «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында кеңейтілген мәжіліс өтті.
Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде өткен «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз қоғам – жарқын болашақ» атты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сала мамандары, білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Кеңейтілген мәжілісте аудан басшысы «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң үстемдігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының біріне айналды. Бұл қағидатты берік орнықтыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң үстемдігін нығайту – қоғамның басты міндеті. Бүгінгі кеңейтілген мәжілісте ауданымыздағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықпен күрес және балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселелерін кеңінен талқылайтын боламыз. Қазіргі таңда мектептердегі буллинг пен зорлық-зомбылықтың, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Бала тәрбиесі тек мектептің міндеті емес, бұл – ата-ана мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Құқық қорғау органдары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері мен жергілікті атқарушы органдар өзара бірлесіп, құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептерді ерте анықтап, алдын алу шараларын жүйелі жүргізуі керек. Біздің басты мақсатымыз – заң үстемдігі сақталған, әрбір баланың құқығы қорғалған және тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінетін қоғам қалыптастыру. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды аудан көлемінде жүзеге асыруда баршамыз бірлесе жұмыс жасауымыз керек, – деді аудан әкімі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов өңірдегі білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының сапасын арттыру, оқушылардың бойында жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, мектептердегі тәрбие жұмысының тиімділігін бағалау, педагогтердің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту және оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аудару қажеттігін атап өтті. Ол білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда жүйелі жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Мәжілісте балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу мәселелері кеңінен қаралды. Құқық қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері өз бағыттары бойынша баяндама жасап, аталған мәселелерді шешудегі бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – ортақ іске жұмылудан басталатынын айтқан аудан басшысы қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, барлық білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жоспардың әзірленіп және оның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, барлық қала, кент және ауылдық округтер бойынша жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты әкімдер, мектеп директорлары, учаскелік полиция инспекторлары, ардагерлер, әйелдер және қоғамдастық мүшелері, белсенді жастар мен жоғарғы сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын қатысуымен арнайы жиын өткізіп, түнгі рейдтік шаралардың жұмысын күшейту, ата-аналармен тығыз байланыста болу және өзге де өзекті мәселелер жөнінде тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, шара барысында қатысушыларға білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан тәрбиелік және профилактикалық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан – тәртіптен басталады» көрмесінде қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және «Ақылды суару жүйесі» бағытындағы бастамалар көрсетілді.
22 қазан 2026 ж. 23 0