Ұлытау облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында семинар өтті
Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың рөлі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинар-кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың қызметін түсіндіру, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту.
Іс-шараға облыстағы архив және кітапхана қызметкерлері, қоғамдық келісім саласының мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Жиын барысында қазіргі қоғамда өзекті болып отырған алаяқтықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткені, әсіресе аға буын өкілдерінің жиі алданып қалатыны айтылды. Осы бағытта облыстық прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Жалғас Төленов түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтықтан сақтану жолдарына тоқталды.
Сонымен қатар, Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Мұхаметжанұлы қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыспен таныстырды.
Кездесуде «Amanat» партиясы Ұлытау облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Ершат Аубакиров азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталды. Үкіметтік емес ұйымдар атынан Ұлытау жастары қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бақыт Болатова азаматтық қоғамның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне назар аударды. Мемлекеттік құқықтық жұмыс бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Құралай Қалмағанбетова заңнамалық өзгерістер мен азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы ақпарат берді. Осындай семинар құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсер етеді.






