Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саналы ұрпақ тәрбиесі – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Саналы ұрпақ тәрбиесі – қоғам қауіпсіздігінің негізі

Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде жүзеге асырылып жатқан «Шиелі – қауіпсіз аудан, жарқын болашақтың мекені» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында ауқымды ведомствоаралық мәжіліс өтті. Басқосу барысында аудан көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер тәрбиесі мен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Маңызды жиынға аудан әкімі ­Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры ­Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, аудандық полиция бөлімінің және білім бөлімінің басшылары, дербес бөлім жетекшілері, кент және ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сондай-ақ аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген құқықтық тәртіпті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыру бағытындағы бастамалар кеңінен сөз болды. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Жиында алғашқы болып баяндама жасаған аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов өңірдегі құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына тоқталып, әсіресе жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен келеңсіз жағдайлардың алдын алу ісінде барлық сала өкілдерінің өзара тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екеніне назар аударды.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы Дауренбек ­Насибеков сөз алып, білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан тәрбие жұмыстары туралы баяндады. Ол оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, буллинг пен әлімжеттіктің алдын алу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін күшейту және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту бағытында қолға алынған шаралар жөнінде кеңінен мәлімет берді.
Ал аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Досым Әбуов қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарға тоқталып, аудан аумағында өткізілген профилактикалық іс-шаралар мен жасөспірімдер арасындағы түнгі рейдтердің нәтижелерін баяндады. Сонымен бірге құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары мен қауіпсіздік шараларының тиімділігіне тоқталды.
Мәжіліс барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігі айтылды. Әсіресе, жастар тәрбиесіне бейжай қарамай, құқықтық мәдениеті жоғары, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы ұрпақ қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Жиын соңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков заң мен тәртіп – кез келген қоғамның берік негізі әрі тұрақтылықтың басты кепілі екенін айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Г.Әбдіхани
25 мамыр 2026 ж. 25 0