ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫ ЖӨНІНДЕ МӘЖІЛІС ӨТТІ
Сейсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатов және аудан прокуроры Нұрбек Қаратаевтың қатысуымен құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде мәжіліс өтті.
Жиынға мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мемлекеттік және жеке бала-бақшалардың меңгерушілері қатысты.
Ал, күн тәртібіне: 1. «Аудан көлеміндегі өсім алған және кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстардың алдын алу шаралары», 2. «Өсім алып отырған алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары», 3. «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары» мәселелері қойылды.
Алғашқы мәселе бойынша Шиелі ауданы прокурорының орынбасары Қ.Жантөреев баяндама жасап, талдамалар нәтижесінде қылмыстардың орын алу себептері, әрі оны анықтауда туындайтын қиындықтарға тоқталып, өз ұсыныстарын айтты. Ал екінші мәселе бойынша яғни, «Өсім алып отырған алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары» туралы Шиелі аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ж. Құттыбай сөз алып, алаяқтық қылмыстарды атап өтті. Келесі мәселе бойынша Шиелі аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторы А.Мадиев баяндама жасап, соңғы жылдары жасалған жұмыстардың нәтижесінде Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық көрсеткішінің айтарлықтай төмендегенін, бірақ соңғы жағдайлардың себебінен күрт өсім қалыптасқанын мәлімдеді.
Жиында аудан әкімі полиция бөлімінің жұмысын сынға алып, түнгі мезгілде рейдтік шараларды ұйымдастыру, учаскелік инспектордың ауыл-аймақты үзіліссіз бақылап отыру қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ, мәжіліске қатысушылар тарапынан қараусыз жатқан кәсіпкерлік нысандарға қатысты бірнеше сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді.
Жиын соңында бірқатар бөлімдерге тапсырмалар беріліп, нақты, нәтижелі жұмыс жасау жүктелді.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі