Пайыз төмендегенімен, жауапкершілік әлсіремейді
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында кәмелетке толмағандар және оларға қарсы жасалған қылмыстардың,отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды.
Аймақ басшысы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар проблемасы қазіргі уақытта қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуді және олардың құқықтық сана мен мәдениетін қалыптастыруда тиянақты жұмыс жасауды міндеттеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада кәмелет жасына толмағандар арасында жасалған қылмыс 14%-ға өсім алса, оларға қарсы жасалған қылмыстар 4%-ға төмендеген. Өңірімізде, кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс 44%-ға, оларға қарсы жасалған қылмыс 31%-ға азайған. Дегенмен, қылмыс саны азайды деп бұл бағыттағы жұмыстарды әлсіретуге болмайды, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында суицид, құқық бұзушылық орын алған жағдайда сол бала білім алатын оқу орны басшысының қызметіне қатысты жауапкершілігі қаралатындығын ескертті.
– Дені сау, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Баланың теріс іс-әрекетіне тек полиция немесе білім ұйымдары емес, ата-ана, бүкіл қоғам жауапты, – деп толықтырды аймақ басшысы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге қатысты облыс әкімі соңғы жылдары аймақта отбасылық зорлық-зомбылық оқиғалары жиілегенін айтып, мұндай жағдайдан зардап шеккендердің ахуалына тұрақты түрде мониторинг жүргізу қажеттігін ескертті.
Комиссия отырысында облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шамшидин Амитов пен облыстық білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары тиісті мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиын қорытындысымен жауапты мекеме басшылары мен қала, аудан әкімдеріне аталған мәселелерді қатаң бақылауға алып, профилактикалық жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі