Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайған

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайған

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың профилактикасы Қызылорда облысы Полиция департаментінің басым бағыттарының бірі болып табылады. ОПД қызметкерлері облыс көлемінде кәмелетке толмағандар мен оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 2021 жылдың 8 айында жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, білім, денсаулық сақтау басқармалары, «Жас Отан» жастар қанаты, үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар комитеттерімен бірлесе отырып біршама жұмыстар атқарды.
Жыл басынан кәмелетке толмағандар мен жас­тар арасында әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім-Көше», «Заң-Бала-Қауіпсіздік», «Тұрмыс», «Балалар түнгі қалада» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, облыс көлемінде кәмелетке толмағандар мен жастар арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау, олармен және оларға қарсы қылмыстың жасалуына жол бермеу мақсатында 2021 жылдың қыркүйек айының 13-19 күндері аралығында облыс көлемінде «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту және оның алдын алу, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу.
Іс-шара аясында облыстағы барлық білім беру орындарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, түнгі уақытта білім беру мекемелерінің мұғалімдеріні және ата-аналар комитетінің мүшелері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ішкі саясат, жастар ресурстық орталықтары қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен рейдтік тексеру жұмыстары ұйымдастырылуды.
Іс-шараның 4 күнінде әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін ішкі істер органдарына 207 кәмелетке толмаған балалар жеткізілсе, 19 кәмелетке толмаған бала қадағалаусыз және панасыз жүргендері үшін облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналас­тырылды. Ішкі істер органдарына жеткізілген 207 баланың 173-не түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсақ бұзақылық жасағандары үшін 20 кәмелетке толмағандарға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаудың 7 дерегі анықталып, құқық бұзушылық жасаған ата-аналарға әкімшілік хаттама рәсімделіп, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Сонымен қатар, 14 кәмелетке толмаған жас ішкі істер органдарының есебіне алынса, 20 ата-ана кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және қарау бойынша өздерінің міндеттерін орындамау санатымен профилактикалық есепке алынған.
Жалпы, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 8 айында жасөспірімдермен жасалған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 18 процент төмендеген.

Елдос ЖҮСІП
21 қыркүйек 2021 ж. 2 011 0