Жасөспірімдер тәрбиесі – «Жастар жылының» бір парасы
Бүгінде алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – аудан көлеміндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықпен қылмыстың, қандайда бір келеңсіздіктер мен суицидтің алдын алу, болдырмау өзекті мәселенің бірі болып отыр.
«Бала бауыр етің», «Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі болашағымыз» деп ұрандаймыз. Бірақ, балаға дұрыс тәрбие беру, оны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіп жетілдіру, оқыту, елін-жерін қорғайтын азамат етіп өсіру – әрбір ата-ананың басты міндеті.
Ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері отбасы-ошақ қасы бала тәрбиесіне аса мән беріп, жауапкершілікпен қараған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөздерінен бабаларымыздың бағзы заманнан-ақ бала тәрбиесіне мән бергенін байқаймыз.
Осы айтылғандарды назарға ала отырып, біздің қазіргі қоғамда ата-ананың яғни, қыз баланың тәрбиесіне жауапты – ананың, бала тәрбиесіне жауапты – әкенің отбасындағы рөлі қандай, деген сұрақ өздігінен туындайтыны рас. Біз баламызға қандай тәрбие беріп жүрміз, олардың бос уақыты қалай өтуде? Тамағын тауып беріп, әдемі киіндірумен бала тәрбиесі түзелмейтіні анық. Күнделікті мектеп қабырғасында ұстаздар, отбасында ата-ана, балаға жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып, түсіндіріп отырса, жастардың теріс бағытқа кетіп қалмауына сеп болары сөзсіз. Дейтұрғанмен, қолайсыз отбасында өскен балалар ішімдік ішкен әкенің тәрбиесін көріп, ортасына байланысты құқық бұзушылық пен қылмысқа барып жатады.
Енді осы бағытта кәмелетке толмағандардың арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі участкелік полиция инспекторларымен қандай жұмыстар атқарылды, алдағы уақытта аудан көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, қандайда бір келеңсіздіктер мен суицидтің қалай алдын-алуымыз қажет? Осы мақсатта жақында Шиелі аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының орынбасары Б.Дайрақұлов және аудандық полиция бөлімінің бастығы С.Тоқтыбаев, барлық мектеп директорлары мен инспекторлары қатысты.
Бірлескен семинар-кеңесті ауданның бас полицейі, полиция подполковнигі С.Тоқтыбаев ашып, 2018 жылдың 24 желтоқсанында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру мәселесін қарау жөніндегі және жыл қорытындысымен атқарылған жұмыстар жайлы ведомствоаралық комиссия отырысы өткізді. Онда кәмелетке толмағандар арасында қылмыстардың алдын алу жайлы бірқатар тапсырмалар берілгенін жеткізді. Ал, 2018 жылы аудан көлемінде кәмелетке толмағандар арасында орын алған қылмыс пен құқық бұзушылықтар жайында аудандық полиция бөлімінің Штаб тобының аға инспекторы, полиция майоры А.Бұйрабеков баяндама жасады.
Баяндамада айтылғандай, 2018 жылы облыс көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 57 пайызға (86-дан 135-ке) өсім алса, оның ішінде Шиелі ауданында 225 пайызға немесе 4-тен 13-ке көбейген, орын алған 13 қылмыстың 1-і бұзақылық, 12-і ұрлық. Бөлім қызметкерлерімен жедел жұмыстар атқару нәтижесінде қылмыстардың 13-і де толық ашылған. Аталған қылмыстарға қатысқан кәмелетке толмағандардың саны 120 пайызға (5-тен 12-ге) өсім алған. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің 9-студент, 3-мектеп оқушылары құрап отыр.
Қылмыс жасаған мектеп оқушыларының екеуі Шиелі кентіндегі кешкі мектептің 11-сынып оқушысы болса, біреуі «Бидайкөл» ауылындағы №148 орта мектептің 9-сынып оқушысы.Үшінші қылмысты Қызылорда қаласындағы №12 мектептің 11-сынып оқушысы жасаған. Ал, қылмыстардың екеуін Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің 3-курс студенттері жасағаны мәлім болды. Сонымен қатар, 7 қылмысты Шиелі кентінің тұрғындары кәмелетке толмаған колледж студенттері жасаған.
Аталған кәмелетке толмағандар Шиелі кентіндегі кафелер мен дүкендерден, базардағы дүңгершіктерден азық-түлік пен сусындарды, бағалы ұялы телефондар мен қорабшаларын, тұрмыстық-техникалық заттарды, кассадағы ақшаларды сондай-ақ, елді-мекендерде Бидайкөл, Балаби, Бәйгеқұм ауылдық округтердегі дүкендерден, тұрғын үйден ноутбук пен сусындарын тағы басқа ұсақ-түйек заттарды ұрлаған.
13 қылмысты жасаған 12 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың үстерінен ҚР ҚК-нің 293, 188-бабының 1-ші, 2-ші бөліктерімен қылмыстық істер қозғалып, жан-жақты тергеп-тексеру амалдары жүргізілген. Нәтижесінде 2 қылмыстық іс аудандық сотқа жолданып, ауыр санаттағы қылмысты жасаған жасөспірімдердің біреуі аудандық соттың Үкімімен 1 жылға, екіншісі 2 жылға шартты түрде бас бостандығын шектеуге сотталған.Қазіргі күні аталған жасөспірімдер аудандық пробация қызметінің бақылауына алынған.
11 қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тараптар өзара ымыраласуына байланысты ҚР ҚПК-нің 68-бабына сәйкес қылмыстық іс өндірістен тоқтатылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдер АПБ-нің тізімдік есебіне алынған және колледж студенттерінің оқу орындарына есепке алу жөнінде қатынас хаттар жолданған.
Аудан көлемінде 2018 жылы кәмелетке толмағандар арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың 2 дерегі орын алып, қайғылы жағдайға әкеп соқтырған. Бұл жағдай 2017 жылы орын алмады.
Сондай-ақ, 2018 жылы аудан көлемінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің хабар-ошарсыз жоғалудың 2 дерегі орын алса, 2017 жылы 5 дерегі орын алған. Олардың 80 пайызы үйінен өз еркімен кетіп қалса, 20 пайызы сабақтан шығып үйлеріне бармай, хабарсыз кету деректері. Жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында жоғалған жасөспірімдер туыстарының үйінде жүргені анықталып, ата-аналарына қолхат арқылы тапсырылған.
– Жалпы бала тәрбиесіне жауапты ата-ананың да жауапкершіліктерін арттыруымыз керек, әр тоқсан сайын барлық білім беру мекемелерінде ата-аналар қауымын жинап, ішінара орын алған әкімшілік құқық бұзушылықтармен келеңсіз жағдайларды талқылап, заң талаптарын түсіндіріп, заң тұрғысынан өз балаларына деген ата-аналық міндеттерін орындауды ескертіп отырғанымыз жөн, – деді А.Бұйрабеков.
Жиын қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында аптаның сенбі және мейрам күндері мектеп мұғалімдері мен мектеп инспекторлары түнгі рейдтерге шығып, көшелер мен барлық мейрамханаларды бірлесе аралайтын болды. Ал, ауылдық округтердегі мектептерде ата-аналармен мектеп оқушыларына бопсалаушылықтың, әлімжеттіктің, маскүнемдік пен алкоголизмнің зияндығы, жыныстыққа қол сұғылмаушылықтың, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында осындай бірлескен семинар-кеңестер өткізілмек.
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.