Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ тәрбиесі ұядан

Ұрпақ тәрбиесі ұядан

Ақпанның алғашқы күнінде №270 орта мектепте кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Аудандық және мектепішілік ата-аналар комитетінің төрағалары, мектеп инспекторлары, мектеп директорлары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов жүргізді. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмаудың алдын алу, оқушылар арасында криминогендік жағдайды жақсарту жұмыстары жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар жөніндегі бөлімнің полиция капитаны Абай Мадиев мінберге шықса, жасөспірімдер арасында қылмыстылық және бұзақылықтың алдын алудағы профилактикалық шаралар туралы аудандық білім бөлімі басшысы Болат Сейілханов айтып өтті.
Ал, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары, атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы №157 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Маржан Байназарова хабарлама жасаса, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі жөнінде №46 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы Болат Күлімбетов сөз өрбітті. Ол, «Тәрбие отбасынан басталады. Оқушы ұстаздардан гөрі ата-аналарының қасында көп болады. Сондықтан, әрбір ата-ана балаға тәрбие бермес бұрын, бірінші өзін түзеуі керек. Балаға үлгі болуы тиіс», – деді ол.
Мінберге соңғы болып көтерілген №244 орта мектептің педагог-психологі, суицидтің алдын алу бағдарламасының облыстық мастер тренері Динара Момынқұлова «Тұлғаны қалыптастырудағы педагогтар мен ата-аналардың бірлескен іс әрекеті» тақырыбын көтерді.
Жиын барысында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен алға қойған жоспарлар ортаға салынды. Ұсыныстар білдіріліп, оларға пікірлер айтылып, тапсырмалар берілді.
Е.ДАТҚА
04 ақпан 2018 ж. 1 792 0