Ұрпаққа ұлағат
Шиелі өңірінің даму тарихынан ойып тұрып орын алып, кейінге жақсы атын қалдырған апаларымыздың қарасы баршылық, шүкір. Кешегі өткен Зәкира, Шырынкүл мен Ұлбала, Жадыралар жердің қыртысын аударып дән өсірген адал еңбекпен ауданның даңқын асырған дара тұлғалар еді. Перуза, Ұлман мен Мәрия, Күлжан апаларымыз даладай кең пейілдері, теңіздей терең ақыл-парасат, үлкен-кішінің баршасына жетіп артылатын бір ғана «айналайын» дейтін сөздерімен сәулелі мейірім-шапағытына бөледі. Олар өрісті өңіріміздің тілеуін тілеген елдің ажары да айбыны да бола білген асылдарымыз еді. Бірі – қол еңбегін, екіншісі – ой еңбегін сарп еткен қажыр-қайрат, білім-біліктерімен бойда қуат, қолда күш бардағы жанкешті еңбектерімен елдің ырысын арттырып, ынтымағын сақтаған апаларымыздың жастары ұлғайған жасамыс жылдары да елдің амандығы мен абыройын тілеген пейілдері судан таза, сүттен де ақ еді! Сірә, Шиелінің шырайын кіргізіп айбынын асыратын киесі де, иесі де осы, тұрлаулы ғұмыр кешкен өмір сапарында ілбіген сүлдесін сүйретпей, керуен көшінің бұйдасын ел жұртының ырысты ынтымағының қазығына байлаған осы тұрпатты жайсаңдар болса керек. Әлбетте, кез-келген емес. Бітім болмысы бөлек, елге сіңірген еңбегі ерек, ақыл-ой, парасат биігінен танылған таңдаулыларға ғана бұйырар бақтың мазмұн баяны осы сипатта көрінері хақ.Биылғы жыл өзінің мерейлі 80 жасына толып отырған Бибіжан Жәукебаева апамыз да басына бақ қонып, тақ құтайған әлеуеті зор жан. Сөз басында атын атап, әруағын тербеген даңқты апаларымыз бен данагөй аналарымыздың ізін басқан жақсылардың жалғасы, жалғасы ғана емес тірлігінде сыйласып сыралғы сыйластықта болған көненің көзі, бүгіннің сөзі. Қағылез қаршадайынан-ақ алғырлығымен көзге түсіп мектеп қабырғасындағы пионер вожатыйдан бастаған қоғамдық жұмысы, аудандық комсомол, партия комитеттерінде жетекшілік жұмыстарымен жалғасып, облыс әкімінің 1-ші орынбасарлығына дейінгі басшылық қызметтеріне сатылап өскен мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген бірегей болмыс иесі. Тәуелсіздік жылдарғы көші-қон міністірлігі мен Қызыл ай халықаралық ұйымындағы қызметтері өз алдына.
Жаңсақ ұғыммен айтып жүргеніміздей қызмет – қолдың кірі емес. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Қабілет-қарым, хал-қадеріңше атқарған жұмысың арқылы қоғамдағы орныңды айқындар сынақ. Ілуде біреу болмаса, кез-келген қызмет иесінің елдің есінде, көптің аузында жүрмейтіні бекер дейсіз ба?. Қай кезде де сатылап өскен қызмет орнының бәсі басым, баяны мазмұнды. Әсіресе, Кеңес өкіметі тұсында кадр саясаты мемлекеттік дәрежеде мән беріліп асқан ыждағат тәртіппен жүзеге асатын қатаң қағидаға бағынатын. Аудандық дәрежедегі жауапты қызметтерге көбіне комсомол мектебінен өткен немесе өндірісте тәжірибесі бар қоғамдық жұмыстарда көзге түсіп көшбасшылық қабілет-қарымы ескерілген үміткерлерлер арасынан іріктелетін. Қашаннан беріде мемлекеттік қызметтің соқтықпалы соқпақты жолы бұралаң, жауапкершілігі тым жоғары болатынын білеміз. Қалың елдің қалт жібермес қырағы назарынан тыс қалмайтын әрбір қадамын санап басып, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда көптің көкейін танып өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай оңтайлы шешім қабылдау тіпті де оңай болмасы анық. Оған белгілі бір дәрежеде білім-білік, қабілет-қарыммен қатар, ішкі интуиция, «мені» бар мінез де керек. Осындай үнсіз сынақ, мінсіз мінездеме, анкеталық мәліметтер ғана, уақыт өте келе жоғарғы лауазымдарға жол ашар еді. Бибіжан апай да комсомол, одан кейінгі аудандық партия комитетіндегі қызметтеріндегі ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарымен нәтиже көрсетіп жоғарғы партиялық бақылаудың жіті қадағалауымен қызмет сатысымен тез өсіп 2-ші хатшылыққа сайланғанға дейін осы реттілік сақталған жолдардан өтсе керек.
Бибіжан апайдың хатшылық кезеңі Шиелі ауданының гүлденіп экономикасының да, халқының да әлеуеті артып тұрмыс жағдайы оңалып, мәдениетінің де өскен нағыз бір серпінді жылдарға тұспа-тұс келеді. Әсіресе, іскерлік қабілет, қайраткерлік қасиетімен де, өрелі өнегесімен, көсемсөздің көбесін сөгер ділмар шешендігімен де ел аузында қалған 1-ші хатшы Сейілбек Шаухамановтың басшылығымен ауданда бұрын-соңды болмаған тың бастамалар көтеріліп, соны жаңалықтармен толығып, бұрнағы даңқты жолына қайта түскеніндей еді деген есті әңгімелер жиі айтылады. Халық айтса қалп айтпайды. Кент орталығындағы мәдени-демалыс паркі, «Жеңіс» аллеясы, «Гүлдер» мерекесінің ұйымдастырудың дәстүрге айналуы, барлық елді-мекендердің кіре беріс жолдары бойына тал егу, барлық мекемелердің айналасы мен ауласын көркейту, көгалдандыру, орталық стадион және орталық алаң, аудан өнерпаздарының шетелдерге шығу сапары, қазақтың маңдай алды классик ақын-жазушыларының көптеп келуі,көрші мемлекеттермен мәдени-достық қатынас орнату, жаңадан мекеме ғимараттары мен мектеп құрылыстарының қарқын алуы сияқты бір ғана мәдени саладағы жұмыстар ауқымының бір парасы осылай түзілер еді. Мұнымен қатар ауыл шаруашылығының қайта құрылымдалуы – біріңғай мал шаруашылығы мен егіс шаруашылықтарының бөлінуі, көкөніс, бал арасын өсіру, ет-сүт өндіруде шын мәнінде кішігірім реформа жасалған жұмыс ұйымдастырудың тың тәсілдері енгізілген, сол арқылы экономикалық тұрақты даму көзделген қызу жұмыстарға тікелей басшылық жасау, ұйымдастыру, үйлестіру және қадағалау әрине аудандық партия комитетінің 2-ші хатшысы Бибіжан Жәукебаеваға жүктелетіні түсінікті жайт. Бұған уран өндірісінің қарқын алып, тиісті әлеуметтік-мәдени, инфрақұрылымдық т.б тұрмыстық мәселелері болмай тұрмайтын кенттің түстігінен шағын қалашықтың бой көтеруін қосыңыз. Осындай кең ауқымдағы жұмыстарды абыроймен атқарған Бибіжан апай сәл кейініректе, тәуелсіздік жылдары қайта құрылымдалған ел басқарудың әкімдік жүйесі бойынша облыс әкімінің 1-ші орынбасары қызметіне шақырылғаны барша аудан халқының ортақ абыройы болмас па?!
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-тұрмыстық қиындықтармен тұспа-тұс келген мұндай жауапты қызметке жігіттің бозымының тәуекелі жетер я жетпес, тумысынан қайсар, өр мінезді Бибіжан апайдың бел шешіп белсене араласқан жұмыстарының ауқымы да, мазмұн-мәтіні де әр алуан болғанынан хабарымыз бар. Одақ тарап, бұрнағы байланыстар үзіліп, дағдарыстан дағдарыс туындаған әлеуметтік ахуалдың күйіп тұрған кезі. Ашынған әйелдердің темір жолға шығып жайғасқан жан айқайымен, поезд тоқтатуға талпынысы, жанар-жағар майдың тапшылығынан ат арба жегетін кез де осы тұс. Көмір жоқ, қайтпек керек? Өріске айдаған сиырдың құйрығына қап байлап, тезегін жинап қамыңды қыл дейтін уақыттардан да асқан сабыр төзіммен түсіндіру, ұғындыру арқылы қандайда бір шетін оқиғаларға жол бермей жабырқағанның арқасынан қағып, тосырқағанның басынан сипап күн-түн қапылып жүріп бұл қиындықтарды да еңсерген көптің жанынан табылғанына ана шеті Аралдан мына шеті Жаңақорғанға дейінгі барша облыс халқы куә.
Мен Бибіжан апаймен тікелей қызметтес болмаппын. Ал қызметтес болғандардан естуімше өте талапшыл, жүйелі жөндем сөз естімесе, жөніңе көш дегенді шытынай қараған қабағынан ұқтыратын, сұсымен ықтыратын қаталдау кісі болғанға ұқсайды. Ол кісі ауданда қызметте болған жылдары мен студент болдым, кейінгі жылдары «Ачполиметалл» комбинатында, одан кейінгі жылдары Шалқия кен басқармасында өндірісте жұмыс істеген жылдары ауылға келіп тұрамын. Жазушы ағам Оразбек те жаздай ауылда болатын жылдағы әдеті. Жазуын жазады, каналға суға түседі, әкемнің жамағаты шалдармен әңгімелеседі. Қазақи «жаргонның» майын езіп ішкен сөзуар кемпірлермен ерінбей сағаттап отырып сөйлесуге құмбыл, екі қолын шапаттап шалқалай аунап балаша мәз-мәйрам болатыны бар. Қыдырыстауға көп құмарлығы жоқ. Шақырған жерге көбіне бармайды. Барса да, онда да анда-санда Шиелідегі Жағыпар мен Ақылбек ағалардың үйіне ғана қонақтайтыны бар. 4-5 күнді араға салып сыралғы достар өздері соғады. Бибіжан апа да келіп тұрады. Әдетте жанына Анапа, Нысанкүл сияқты бір-екі қыз ертеді. Келсе құр келмейді тағы. Бірінші әке-шешеммен амандасып, хал-жағдай сұрасып біршама отырғаннан кейін барып «Орекең үйде ме?» дейді, қолындағы үнді шәйінің иісі бұрқырап тұрған пакетін шешеме ұстатып жатып. Үнді шәй дегенің қасқалдақтың қанындай қат дүние. Шешем «Әй, осыныңды қоймадың-ау бір?!» деп тыржиятын әкемді тыңдамайды. Тәуір шәйімен қоса әкелген жылы-жұмсақ тәттілерімен ертеңіне көңілі жақын көрші кемпірлерге «райком қызымның әкелгені» деп шәй береді ғой масаттанып отырып. Қартайған әке-шешем біразға дейін көңілденіп қуанып отырады, көкем ұзағынан батасын беретін сосын.
Бибіжан апаны әр көрген сайын осылар есіме түседі. Құрақ ұша амандасып, дүниеден әлдеқашан озған үлкендерімді ойға алып босап, әжептәуір жеңілдеп қаламын. Орекеңнің отбасымен сыйластық қарым- қатыстары үзілген емес. Оның үстіне Бибіжан апаймен жеңгем Шара Асанқызы да көші-қон министірлігінде Алтыншаш Жағанова апамыздың басшылығымен қызметтес әріптес, сырлас қайын сіңлі, жеңге болып араласты кейінгі жылдары. Осы себептермен де бәрімізге де ортақ Бибіжан апаны өзімсініп өзіме айрықша жақын тұтамын.
Бибіжан Жәукебайқызының бай да мазмұнды өмір жолы кейінгі буын өкілдеріне өнеге, ұрпақтан ұрпаққа ұлағат! Алтын қор, тұнып тұрған шежіре! Бірер жылда 100 жылдығы кең көлемде аталып өтуге тиісті ауданның даму тарихын қаз-қалпында білетін некен-саяқ үлкендеріміздің арасынан облыстық дәрежеде басшылықта болған бірден-бір жан!
Бибіжан апа зейнет демалысына шығып ару қала Алматыға қоныс аударғанымен ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалған емес. Бар мүмкіндігінше жылына әлденеше келіп, айтулы мәдени-көпшілік шараларға қатысып, аудан халқының қайғысын бөлісіп, қуанышына ортақтасып кететіні бар. Әр жылдың қорытындысымен өтетін «Алтын күз» мерекесіне міндетті түрде қатысып жүрекжарды тілегін арнайды. Жанында өзінің ізбасар сіңлілері, ауданның бүгінгі қыз-хиссалары – Нәйла Палымбетова, Шәмшат Оразымбетова, Құттықыз Ыханова, Жібек Орынбаева т.б қыздар қаумалап, апамыздың қас-қабағын бағып жүретіні әбден жарасымды көрініс. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы! Ал биыл өзіңізге деген құрметтің айрықша болатын жөні келіп тұр. Парасат биігіндегі Бибіжан апамыздың 80 жылдық мерейлі мерекесін барша аудан халқы болып кең көлемде атап өткелі отыр.
Сыр сандықты ақтарып, шежіре тарқатар кемел жасқа жете білу де өнер. Тарихты жасаған – Сіздер, халық оның қозғаушы күші. Бүгінгі ұрпақ – Сіздер салып кеткен сара жолды жалғастырушылар ғана. Келер ұрпақ үшін таптырмас қазына боларлық – өнегелі өмір жолыңыздағы бедерлі белестеріңіз бен бағындырған биіктеріңіз жайлы естелік ойларыңызбен бөліседі, ақтарыла айтып, мөлдірете жазып кетеді деген үміттеміз. Көрер көктеміңіз көп болсын, зор денсаулық тілеймін!
Исабек Сәрсенбайұлы







