Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ЕЛ АНАСЫ

ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ЕЛ АНАСЫ

Шиеліде Ұлман Мәміреева, Кеңескүл Әбсадықова, Пернеш Жүсіпова, Ұлтай Абдрахманова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Зәкира Ержанова, Жадыра Таспанбетова секілді Еңбек Ері атағын иемденген аналар жетерлік. Бұл тізімді әлі де осылайша жалғастыра беруге де болады.
Ауданның жарқын болашағы үшін еңбек етіп, сонысымен ел жүрегін де сақталған сондай асыл жандардың бірі – ­Перуза Жүсіпқызы. Қазіргі Нартай Бекежанов атындағы ауылдың Бестам деген жерінде 1923 жылдың 5 желтоқсанында дүние есігін ашқан П.Жүсіпқызы талдырмаш кезінен тағдыр теперішін көп көрді. Небәрі үш жасында ата-анасынан айырылған Перуза, өзгелер секілді анасының аялы алақанын, әкесінің ыстық құшағын сезіне алмады. Балалық балдәурені ашаршылық кезеңіне тұспа-тұс келіп, туыстарынан да пана болмай, жетімдер үйінде тәрбиеленді. Ол 1935-1939 жылдар болатын. Сол бір алмағайып заманда өрімдей Перузаның алдағы өмірі үшін туыстары осындай шешім қабылдаған-ды. Он екі жасына дейін мектеп партасын көрмеген кейіпкеріміз жетімдер үйінде жүргенде зеректігінің арқасында жеті жылдық мектепті үш жылда тауысады. Кейін тағдырдың кермек дәмін татып, шыңдалып өскен Перузаны ағасы Әбдімәулен жетімдер үйінен Қызылордаға алып келді. Сол кездегі «Ленин жолы» газетінде жұмыс істейтін Әбдімәулен қарындасының ­педучилищеге түсуіне сеп болады. Бірақ Перуза аға қамқорлығын да көп көре алмайды. Әбдімәуленнің майдандағы ескі сырқаты сыр беріп, 25 жасында жарық фәнимен қоштасып кете барады. Өмірі бала күнінен тағдыр таразысына түскен Перузаға жетімдік дәмін қайта татқызбас үшін немере ағасы Нартай Бекежанов оны өз қанатының астына алады. Ақын Нартайдың тәрбиесінде жүріп 1942 жылы педучилищені бітіріп шыққан жас қыз келер күнге кемел мақсаттармен жол бастайды.
Оқуын бітірген бойда Жалағаш аудандық атқару комитетінде, аудандық «Күрішші» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы сынды қызметтерді атқарды. ­Жауапты қызметтерде жүрген Перузаны Мақтаарал ауданындағы ағасы Хамит Жүсіпов шақыртып алады. Хамит ол тұста сол ауданның партия комитетінде жауапты хатшының міндетін атқаратын. Сөйтіп 1943-1945 жылдары Перуза қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал, Шәуілдір аудандарындағы «Социалистік еңбек», «Социалистік Шәуілдір» газеттерінде жауапты хатшы, редактор қызметтерінде болды. Аталған газеттерде Перуза Жүсіпқызының тың идеялары мен халықты еңбекке жұмылдыру бағытындағы мақалалары, өзіндік ұстанымдары қалды.
Кейін Перуза Жүсіпқызының еңбектегі есею жолы, қызметтегі нық қадамдары туған өлкесінде жалғасын табады. Алматыдағы Орталық партия комитеті жанындағы қысқа курсты бітірген соң 1946-1949 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінде әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1954-1956 жылдар аралығында аудандық парткомда штаттық насихатшы, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметінде болды. Сол уақыттағы идеологияны басқаруды елдің ар-намысын, саясатын қорғау деп түсінетін Перуза Жүсіпқызы жаңашылдығымен ерекшеленді.
Ол Шиелі аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде мәдениет саласына да ерекше көңіл бөлді. Оның тікелей ұйымдастыруымен «Жас дәурен» ән-би ансамбілі құрылып, аудан, ­облысты айтпағанда, республикаға танымал өнер ұжымы атанғаны ел есінде. Бұл игі істе Перузаның жас кезінде аталас туысы атақты Нартай ақынның тəрбиесінде болуының, сол жанұяда жүріп қазақ ақын-жазушылары мен әртістерінің қаймағын көзімен көруінің көп септігі тиеді. Өнер саңлақтары Нұрпейіс Байғанин, Кенен Əзірбаев, Шашубай, Орымбай, Қазанғап, Сəбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Əбділда Тəжібаев, Иса Байзақов сынды қазақ зиялыларын да алғаш Нартай көкесінің үйінде кездестірген еді.
Перуза Жүсіпқызы 1981 жылы зейнет­керлікке шықты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше орден, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, облыстық партия және атқару комитеттерінің грамотасымен, тәуелсіздік алғаннан кейін облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Қайрат­кер әйел, абзал ана 2008 жылы өмірден озды. Еңбегін ел жадынан өшірмеу мақса­тында кент көшелерінің біріне есімі берілді.
Тағдыры шытырман оқиғаға, қасіретке толы болғанымен, жеке бастың қайғы-қиындығын кеңсеге алып келіп, қызметке араластырмаған, үнемі абырой биігінен көрініп, ар-намысын кірлетпеген, ел үшін еңбек етуден жалықпаған қайсар жан ­Перуза Жүсіпқызының еңбек жолы мен өнегелі істерін жастарға үлгі ету мақсатында қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас.

Гүлхан ЯХИЯ
10 сәуір 2023 ж. 267 0