Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірі өнеге болған ұлт анасы

Өмірі өнеге болған ұлт анасы

Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің ақылымен ел билегенін ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз. Ал олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны орасан. Абыз аналардың көш басында тұрған – Домалақ ана, Есім ханның жорықтарына қатысып, жау қолынан қаза тапқан – Ақбикеш ару, ел арасында «Күй анасы» атанған – Дина Нұрпейісова, сонымен қатар Зарина, Бегім, Зере сынды ханшалар соның дәлелі. Ал ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеген Ұлбала ­Алтайбаева,­ Шырынкүл Қазанбаева, Заһира Ержанова, ­Жадыра ­Таспамбетова, Айша Меңлібаева, Ұлман Мәмреева секілді ардагер аналар әйелдің үй мен түздің тірлігін қатар алып жүре алатындығын байқатқандай.
Әсіресе, ақ күріштен тау тұрғызып, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен ақ жаулықты аналарымыз жетерлік. Солардың бірі – Социалистік Еңбек Ері, даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың жақын шәкірті Заһира Ержанова. Жасынан еңбекке араласып, ерлермен бірге қайрат танытқан Еңбек Ері 1926 жылы Шиелі ауданында, теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Небәрі 16 жасында «Қызыл Ту» колхозында күріш өсіруші болып жұмыс істеген. Етін еңбекке ерте пісірген ол, 1948 жылдан бастап Ы.Жақаевтың күріш өсіру бригда­сында жұмыс істейді. Сыр салысын өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған жанмен бірге қызметтес бола жүріп З.Ержанова мол тәжірибе жинайды. Ұстазынан күріш өсірудің қыр-сырын меңгеріп, өзі де талай жетістікке қол жеткізеді. Тіпті Ы.Жақаевтың жақын шәкірттерінің біріне айналады. Өмірі өнеге болған ұлт анасы өз ұстазынан сыр салысын өсірудің амалын ғана меңгеріп қойған жоқ. Ақ күріштің атасынан өмірлік азық болатын тәрбиені де, тағылымды да үйренді. Оны З.Ержанованың көппен бөліскен мына бір естелігінен байқай аламыз. «Күріш себіліп жатқан кез, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін мезгілі – көктем, жұрттың бәрі жарты құрсақ. Бір дорба күріш тұқымын кейін көже қылып ішейік деп үйдегі жаман сандыққа салып, тығып қойғанбыз. Түскі шайдың үстінде Ыбекеңнің көзі сандықтың тесігінен көрініп тұрған күріш дәніне түседі. Ақылды ашуға жеңдіріп, бәрімізді жиып алып «Бұл бізге аманат етіп тапсырылған бүкіл халықтың несібесі, ырыздығы, ертеңгі азығы, өмірі, тұқым ұрлағанның тұқымы құриды деген, бұларың не, қарақтарым, ендігәрі аштан өлсеңдер де бұл жаман әдетті қайталамаңдар» деп еді. Бұл салиқалы, салдарлы, салмақты әңгіме бәріміздің де бүкіл өмірімізге жетерлік сабақ болды» деп еді З.Ержанова.
Иә, абыз ана өнегелі өмірінде еселі еңбегімен елдің елеулісіне айналды. «Қызыл Ту» колхозында ерлермен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, өз ерлігімен көзге түсті. Техниканы тізгіндеп, жер тырмалап, егін де екті. Даңғайыр диқанның өнегесінен өрістеп, қиын-қыстау кезде елге пана, ерге ана да бола білді. 1958 жылы ол өзінің туған жері «Қызыл Ту» колхозында күріш өсіру звеносын басқарды. Сол жылдары жақсы өнімге қол жеткізіп, 25 гектар алқаптан 42 центнер күріш жинады. Ал 1960 жылы 15 гектар аумақта күріштің әр гектарынан 45 центнер өнім алды. Еселі еңбегіне құрмет ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы З.Ержановаға «Құрмет грамотасын» табыстады. 1961 жылы ол механизаторларды даярлау курсын бітіріп, келесі 1962 жылы тағы да мол өнімге қол жеткізіп, екінші рет «Құрмет грамотасын» иеленді. Осы жылы СССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Арада үш жыл өткен соң, яғни 1965 жылы ел басына күн туып, қуаңшылық орын алады. Осындай қысыл-таяң уақытта З.Ержанова сағын сындырмай, керісінше күріш өсіру жұмысына білек сыбана кіріседі. Нәтижесінде 18 гектар алқаптан 61 центнер күріш жинап, егіні сайланып, көңілі жайланады. Осындай ерен еңбегінің бағаланғаны шығар 1965 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Алтын жұлдыз», «Ленин» ордендері қоса табысталады. Сондай-ақ «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағы берілді.
Өмірде адал еңбектің ақ туын көтеріп, ақиқатынан айнымаған жандар болады. Заһира Ержанова – сол саптағы бірегей болмыс иесі. Ол елеулі еңбегімен ғана емес, ғанибетке толы ғұмырымен де көпке үлгі.

Өсербек Төребай,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры
13 желтоқсан 2020 ж. 1 229 0