Әйел – ана, әйел – кәсіпкер, әйел – басшы
Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің ақылымен ел билегенін ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз. Ал олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны орасан. Абыз аналардың көш басында тұрған – Домалақ ана, Есім ханның жорықтарына қатысып, жау қолынан қаза тапқан – Ақбикеш ару, ел арасында «Күй анасы» атанған – Дина Нұрпейісова, сонымен қатар Зарина, Бегім, Зере сынды ханшалар соның дәлелі. Ал ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеген Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Закира Ержанова, Жадыра Таспамбетова, Айша Меңлібаева, Ұлман Мәмреева секілді ардагер аналар әйелдің үй мен түздің тірлігін қатар алып жүре алатындығын байқатқандай.
Иә, қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі, бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгінде ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай-талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек әйелдердің қазіргі қоғамда атқарар рөлі орасан. Мәселен, бүгінгі облыс тұрғындарының 47,8 пайызы әйелдер. Оның 54,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Статистикалық мәліметтерді әрмен қарай сөйлетсек, әйелдердің қоғамдағы барлық салаларда жұмыс істеп жатқанын байқаймыз. Себебі, бүгінгі таңда барлық педагогтардың – 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің – 87 пайызы әйелдер. Ал барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 пайызы нәзікжандылардың үлесінде болса, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі – 35,4 пайыз. Қазіргі таңда ақ жаулықты аналар саясаттан да шет қалған емес. Бұған дейін облыстағы түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 пайызын әйелдер құраса, қазір кезектен тыс өткен сайлаудың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 21 пайызға өскен. Ал шағын және орта бизнесті дамытып отырған әйелдер 48,3 пайызды құрайды. Бұлардың барлығы ауылдың өзінде ірі кәсіп арқылы табыс табуда. Бұл ауыл әйелдерінің отбасы, ошақ қасында ғана емес, сауда мен кәсіпте де белсенді екенін білдіреді.
Міне, осындай іскер әйелдерге арналып, бейсенбі күні Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында облыстық ауыл әйелдерінің форумы өтті. Форумды облыс әкімдігі және облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Сыр аналары» қоғамдық қоры, Сырдария аудан әкімдігі ұйымдастырды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалациясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рахымбекова мен ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов және өңірдегі батыр аналар, іскер әйелдер, шаруа қожалықтардың төрағасы, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Сондай-ақ Шиелі ауданының аналары да форумның құрметті қонағы болды. Форумның негізгі мақсаты – ауыл әйелдерінің қол жеткізген жетістіктерін көрсету, олардың рухани жаңғыру жобасы мен Қазақстанның жасыл экономиға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін насихаттау. Тағы бір айта кететін жайт, аталған форум 15 қазан халықаралық ауыл әйелдері күні аясында өтті.
Әйелдер форумы таңертеңгілік аймақ басшысының 104 жастағы ауыл тұрғыны Балшай Маханбетованы құттықтаудан басталды. Облыс әкімі батыр анаға ыстық ықыласын білдіріп, «Ғасыр ана» номинациясын табыстады. Одан кейін форум Нағи Ілиясов ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Ғимаратта кәсіпкер әйелдердің тауарлары мен қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ кондитер өнімдері де жиналған қауымды сүйсінтті. Көрме барысында Шиелі ауданынан барған 75 жастағы қолөнерші Пернеш Жүсіпова аяққап, қоржын, алаша сынды бұйымдардың жасалу жолымен бөлісті. Ал «Хантөре» кондитерлік өнімдер дайындайтын цехтың иесі Айзат Әбсадықова «Қызыл бархат», «Бал торты», «Вупи пай» және өзге де тәттілермен талайды таңқалдырды. Өңірге танымал кәсіпкер Тұрдықал Баймағамбетова нәсіп тауып отырған кәсібін көпшілікке таныстырды. Қазіргі таңда «Мейір» қонақ үйі мен «Бота» сауда үйінің және «Нұрай» салтанат сарайын басқарып отырған Т.Баймағамбетова өз идеясы жөнінде де айтты. Бұдан бөлек көрмеде қазалылықтардың кәмпиттері, жаңақорғандықтардың тоқымадан тігілген үйге киетін аяқ киімдері, қызылордалықтардың шұлығы, аралдықтардың шұбаты, қармақшылықтардың кестемен салынған суреті болды. Мұның барлығын форумға келген қонақтар тамашалап, ұнаған заттарын сол арада сатып алды.
Көрме аяқталған соң ақ жаулықты аналар залға жиналды. Форумның шымылдығы аналардың бейнесі суреттелген сахналық қойылыммен түрілді. Ұлы Отан соғысына дейінгі және одан кейінгі әйел-аналардың тағдыры мен басынан өткізген қиындықтары сахналанған қойылым көрерменнің көзіне жас ұялатты. Ерекше әсермен басталған әйелдер форумы әрмен қарай ауыл әйелдерінің жетістіктері және олардың ойын жүзеге асыруға бағытталған жобалармен танысумен жалғасты.
Алғашқы болып сөз сөйлеген аймақ басшысы ауылдың адам өмірінде алатын орны ерекше екенін айтты. Бұл тұрғыда Қуанышбек Ысқақов «Қашан да ауыл – халқымыз үшін руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке мен байлықтың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тынық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп, қастерлеуі тиіс», – деді. Содан кейін әйелдердің ауылдық жерлерді дамытудағы рөліне тоқталды. Әрине, ауылда ірі кәсіп бастап, оны әрмен қарай жетілдіру оңайға түспейді. Бірақ бүгінгі күні елді мекендегі әйелдердің бизнес бастауына үлкен қолдау көрсетіліп, жобалар іске асуда. Осы орайда биылғы жылы жалпы құны 34 млрд теңгені құрайтын арнайы жол картасы бекітілгені белгілі. Оның ішінде 5 млрд теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай қолдауға, қайтарымсыз грант беруге және шағын несиелерді қамтуға арналған. Форум барысында аймақ басшысы осы бағдарлама бойынша облыстың да белсенді қатысып жатқанын мәлімдеді. Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері еңбекті нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдардағы бағдарламасына 23865 қатысушы тіркелсе, оның ішінде 46,1 пайызы әйелдердің үлесіне тиесілі. Осы 10988 нәзікжандылардың арасында ауыл әйелдерінің саны – 6068. Аймақ басшысы өз кезегінде Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттен 850 млн теңге бөлінгенін де айтты. Бүгінгі таңда жалпы құны 770 млн теңгені құрайтын 177 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде әйелдер 49,2 пайызды құрап, 117 жобаны іске асыруда. Міне, осы статистикалық көрсеткіштерге қарап ауыл әйелдерінің кәсіпте де толымды табысқа жетіп отырғанын байқаймыз.
Әйелдер форумында келесі болып ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі Салтанат Рахымбекова баяндама оқыды. Ол өз кезегінде іс бастап, кәсіппен айналысамын деген қыз-келіншектерге бірнеше жоба ұсынып, үздік әйелдердің қатарына қосылуға шақырды. Содан кейін ауыл әйелдерінің өзгеге үлгі болатын іс-әрекетін насихаттау мақсатында «100 ауыл әйелдерінің жетістігі» кітабының жарық көретінін мәлімдеді. Салтанат Темірқұлқызының айтуынша, аталған кітаптың тұсауы биылғы жылдың 7-8 қарашасында кесіледі. Оған облыс бойынша 6-7 ананың есімі енетін болады. Сондай-ақ осы кітап 2030 жылға дейін жарық көріп, еліміздегі мыңдаған ананың ісін көпке үлгі етуді жоспарлауда. Аталған туындыда кәсіпкер әйелдердің ғана емес, барлық сала мамандарының еселі еңбегі көрсетілетін болады.
Форумды одан әрі «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалациясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов өз баяндамасымен жалғастырды. Ол ауылдық жерлердегі әйелдердің кәсібін дамытуды мақсат еткен «Coca-Cola белестері» жобасымен таныстырды. Бұл жоба жыл сайын 1500-1700 адамды қамтып, Алматы, Ақмола және Қарағанды секілді еліміздің үш облысында өткізілген. Жобаны іске асыру барысында ауылдық жерлерде 200-ден астам тренинг өткізілген. Оған 11 000, оның ішінде 850-ге жуық ауыл әйелдері қатысқан. Сондай-ақ 51 әйел 4000 АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алған.
– Қызылорда облысында басқа аймақтарға қарағанда орташа температура жақсы сақталған. Сол себепті облыстағы ауыл әйелдері жылыжай шаруашылығы бойынша конкурсқа қатысып, біздің жобаның грантын ұтып ала алады. Ол үшін www.ccb.kz сайтына кіріп, өз бизнес-жобаларыңызды ұсыныңыздар. Бұрын біз тек ауылдағы жұмыссыз әйелдердің қатысуын ғана ескергенбіз. Ал қазір барлық сала мамандары өз идеясын ұсына алады. Біз жеңімпаздарға грант қана бермей, оларды ынталандыру мақсатында әртүрлі шара өткіземіз. Мәселен, биыл жеңімпаздарды Пекинде өткен «Экспо» көрмесіне алып бардық. Барлық қаржыны ұйымдастырушылар қамтамасыз етті. Көрмеге барған 15 әйел жеке кәсіпті дамытуға арналған көп кеңестер алды. Келесі көрме Біріккен Араб Әмірліктерінде болады. Солардың ішінде сіздер де болса екен дейміз. Сондықтан барлықтарыңызды осы конкурсқа қатысуға шақырамын, – деді А.Мұратұлы.
Ауыл әйелдерінің форумында Жаңақорған ауданынан келген Әсемкүл Ермаханова және Жалағаш ауданының тұрғыны Шолпан Қалиева, шиелілік Пернеш Жүсіпова ақжарма тілегін айтып, ыстық ықыласын жеткізді. Содан кейін облыс әкімі отбасы мен жұмыста бірдей еңбек етіп, үлгілі аналардың бейнесін қалыптастырған бірнеше әйелдерді марапаттады. Шиелі ауданынан барған аналар да марапат төрінен көрініп, мерейі үстем болды. «Көпбалалы ана» номинациясын Ақмарал Мықанова иеленсе, Сәрсенкүл Мықанова «Үздік ауыл дәрігері» номинациясын алды. Ал Айгүл Бекжапбароваға «Үздік пошта немесе өндіріс қызметкері» номинациясы табысталды. «Мәдениет саласының үздігі» ретінде Айжан Әлішер танылды. «Үздік фермерлік және шаруа қожалығының басшысы» номинациясы Айсара Абдуназароваға, «Үздік сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы» номинациясы Тұрдықал Баймағамбетоваға, «Үздік ҮЕҰ» номинациясы Пернеш Жүсіповаға табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін аналарға арнап «Мәдениет саласының қайраткері» төсбелгісінің иегері Үміт Медеуова және облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашты. Концерттік бағдарлама аяқталған соң, ақ жаулықты аналар арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, ән айтып, би биледі.
Ауыл әйелдеріне арналған форум одан кейін секциялық жұмыстармен жалғасты. «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, психолог Сымбат Әбдірахманова форум қатысушыларына арнап семинар-тренинг өткізді. Бір әулеттің ұйытқысына айналған аналар көкейінде жүрген сауалдарына жауап алып, отбасындағы бірнеше мәселелерді талқылады. Сонымен бірге ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы психологтан кеңес алды. Семинар соңында «Сыр аналар» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мұсаева аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Жібек Баймұратованы облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың алғыс хатымен марапаттады. Сонымен бірге Төңкеріс ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Айзат Әбсадықоваға сертификат табыстады. Тәулік бойы құрметке, көпшіліктің ықыласына бөленген ақ жаулықты аналар шат-шадыман күйде ауылдарына тарқасты.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА