Биыл бизнеске жүргізілетін тексерулер саны 1,9%-ға азайды
2024 жылғы қабылданған бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі заңның арқасында бизнесті тексеру азайып келеді. Жаңа тәсіл бойынша қадағалау жүйесі тексеруден профилактикалық шараларға көшу тұрғысында қайта қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.Бас прокуратураның дерегінше, өткен жылы 53 320 кәсіпкер тексеруден өткен. Бұл көрсеткіш мораторий енгізілгенге дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 42,1%-ға төмен.
2025 жылы да мұндай үрдіс сақталып отыр. Биылғы алты айдың ішінде тексерулердің саны тағы 1,9%-ға қысқарып, 46 375-ке жеткен. Бұл 2019 жылдың бірінші жартысындағы деңгейден 73,8%-ға аз.
Сонымен қатар, бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талаптар жойылды. «1 in 2 out» қағидаты (қолданыстағы екі реттеу тетігін алып тастап, жаңадан бір талап енгізу) реттеу жүктемесін арттырмауға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету және біліктілік талаптарын қайта қарау жоспарланып отыр. Сондай-ақ «eGov Business» мобильді қосымшасы іске қосылды. Онда «Менің бизнесім» жеке кабинеті бар, оның көмегімен 30-дан астам мемлекеттік қызметке оңай қол жеткізуге мүмкіндік жасалған. Бұл қызметтерге кәсіпорынды тіркеу, салық күнтізбесін бақылау, сертификат алу және цифрлық құжаттарға қол қою сияқты функциялар кіреді.
2024 жылы бизнесті қаржылай қолдау шараларының көлемі де артты. Жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден асатын 26 мыңнан астам жоба қамтылған. 2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлікке арналған жаңа субсидиялау механизмі енгізілді. Субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%, кредит беру мерзімі – 3 жылға дейін. Бұған қоса, жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Ол кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 392 млрд теңгеге 1 095 жобасы қаржыландарылды.
Сонымен қатар «Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылды. 1-ші кепілдік беру қоры шеңберінде құны 281 млрд теңге болатын 1 618 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде кепілдіктер сомасы 154,4 млрд теңгені құрады. 2-ші кепілдік беру қоры бойынша құны 7,1 млрд теңге болатын 1 жобаға қолдау көрсетілсе, оның ішінде кепілдіктер сомасы 2,8 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар, 100-ден астам қаржылық және қаржылық емес қолдау түрін біріктірген Бірыңғай өзекті тізілім жасалды. Оның орындалуына мониторинг жүргізу үшін «Baqylauda» жүйесі енгізіліп, барлық процестің ашықтығы қамтамасыз етілді.







