Елімізде халық саны бір жылда 236 мың адамға артты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда халық саны 2019 жылғы 1 маусымда 18 млн 489,7 мың адамды құрады. 2018 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда халық саны 236,4 мың адамға немесе 1,3% өсті. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Статистика комитетінен хабарлады.
Есепті кезеңде қала тұрғындарының жалпы саны 10 млн 767,6 мың адамға жеткен. Қалалықтар Қазақстан халқының 58,2%-ын құрайды. Ауылдарда жалпы 7 млн 722,1 мың адам, яғни республика халқының 41,8%-ы тұрады.Биылғы қаңтар-мамыр айларында республикада 1 жасқа дейінгі 1 459 сәби шетінеген (былтырғы көрсеткіш 1 366). Ал нәресте кезінде шетінеу коэффициенті әр 1000 нәрестеге 9,04-тен тура келген. Нәрестелердің шетінеуінің басты себебі жүктілік кезіндегі ауру-сырқау болып отыр. Соның салдарынан биылғы бес айда 772 нәресте көз жұмған.
Биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстанға келушілердің саны 10,8%-ға қысқарып, кеткендер саны 19,8% өскен. Ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 19% өскен.
Өңіраралық көші-қонның оң сальдосы Маңғыстау облысында (515 адам) және Шымкент (4 144), Нұр-Сұлтан (10 936) және Алматы (11 540) қалаларында байқалып отыр.