Энергетикадағы жаңа дәуір басталды
Энергетика саласы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар есебінен түбегейлі жаңғырып келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, электр энергиясын өндіру, бөлу мен тұтыну процестерін автоматтандыру тиімділікті арттырудың әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетігіне айналған.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігі Цифрлық трансформация картасын бекітті. Құжатта Smart Grid жүйесін, цифрлық егіздер мен жасанды интеллектке негізделген мониторинг пен болжау технологияларын енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 43 мемлекеттік қызметтің 99 пайызы онлайн көрсетіледі, ал 2027 жылға қарай нысандардың жартысы цифрлық мониторингке көшпек.
Электр желілерін тексеру енді дрондар мен жасанды интеллект жүйесі арқылы жүзеге асады. Олар сымдардың зақымдануы мен қызуын анықтап, энергетикалық желінің цифрлық егізін жасайды. Бұл апат қаупін азайтып, энергия шығынын төмендетеді.
Жылу энергетикасында да роботтандырылған кешендер енгізіліп жатыр. Роботтар құбыр ішіндегі ақауларды анықтап, үш өлшемді модель жасайды. Жоба Шымкентте сынақтан өткізіліп жатыр, нәтижесі оң болса, ел бойынша кеңейтіледі.
Инновациялар орталығы – Astana Hub. Мұнда энергетикалық стартаптар дамып келеді. 2024 жылы технопарк резиденттерінің табысы 1,8 млрд теңгеге жетіп, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Мәселен, FACEPLATE платформасы KEGOC компаниясына 1,6 млн доллар үнем әкелсе, ESEP шешімдері коммуналдық ресурстарды 12 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.
Халықаралық тәжірибе де оң нәтиже көрсетіп отыр: Нидерланд пен Қытайда интеллектуалды басқару жүйелері энергия тұтынуды едәуір қысқартқан. Біздің ел бұл бағытта энергетика саласын кешенді реинжинирингтеу, интеллектуалды есептеу құралдарын жедел енгізу және дрондармен мониторингті кеңейту арқылы «ақылды энергетика» жүйесіне өтуді көздеп отыр.





