жұрттың жүгін көтерген аналар
Бүгінде қоғам алға жылжып, қарыштап дамығантехнология әр қадамымыздан-ақ көрініс табуда. Сол дамыған қоғамда өз шаңырағының ғана шамын жағып қоймай, іс-әрекеті арқылы қоғамның да шарықтап, гүлденіп дамуына үлес қосып жүрген әйел аналар баршылық. Бұл қасиет қазақ аналарының бойына қоғам дамуымен қонды деу артық болар, сірә. Тарихымыз бен әдебиетімізден, мәдениетімізден тамыр тартсақ, ержүректілігімен, ақылдылығымен, дана да іскерлігімен есімі ел есінде қалған нәзікжандылар жайында біле аламыз. қазақ халқында «абыз ана», «ел анасы» деген қасиетті ұғымдар бар. Бұл атаулар жайдан-жай айтылмаса керек-ті. Олар ерлермен иық тіресе жүріп, кейбір ер-азамат шеше алмаған мәселелерді асқан ақылымен шеше білген.
Хош, сонымен тақырыбымызға ойыссақ, ойымыздың орамын ұққан да боларсыздар. Иә, бұл әңгіме нақ сол нардың жүгін болмаса да ердің жүгін отбасымен қатар алып жүрген жандар жайында өрбімек.
Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімінің қолдауымен, «Шиелі аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Елге қызмет – мерейлі міндет» атты ардагер аналармен кездесу ұйымдастырылды. «Арман» мәдениет үйінде өткен кездесудің құрметті қонағы ретінде түрлі салада еңбек еткен ауданның әлеуметтік экономикасының дамуына үлес қосқан ақ жаулықты жандар шақырылыпты. Атап айтқанда, Н.Парманқұлова, П.Жүсіпова,Ұ.Назарбекова, Қ.Дүрімбет, Г.Құлмырза талай жылғы атқарған адал еңбектеріне деген елдің көрсеткен құрметінен көрініс тапқан кештің төрінен орын алып, жайғасты. Шараға аудан жастары, аудандағы әйелдер кеңесінің төрайымдары, мүшелері, түрлі сала қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ізгі шараның алғысөзін алған аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов еңбек ардагерлеріне алғыс айтып, құрмет көрсетті.
Мұнан соң адал еңбек, маңдай терімен, қажырлы жұмысымен ауданның дамуына үлес қосқан еңбек майталмандарына сауалдар жолданып, аталмыш мәдениет үйінің залы мағынаға толы диалог алаңына айналды. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-аналардың орны тек шаңырағында деген түсініктің аясын кеңейткен кездесу әйелдер әр салада өз соқпағын сала алатындығын ұқтырғандай. Тек әйелдер қауымы отбасында ғана емес, қоғам өмірінде де үлкен ептілік пен іскерлік танытса болғаны. Сөйтіп, елдің жүгін көтерген ер аналардың өмір жолдарына, еңбек майданындағы тіршілік түйіндеріне үңілген жастардың үлгі етіп алары мол болды.
Міне, осылайша әйел-ананың қоғамдағы және отбасындағы белсенділігін қамтып, жастарға ақыл-кеңес айтылған шара өз мәресіне жетті. Кеш қонақтарына әннен шашу шашылып, сый-сияпат жасалды. Біраздан көріспеген замандас аналар бір-бірлерінің халдарын сұрасып, жиынды ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып риясыз ризалықпен тарқасты.
Дина ӘБІЛАСАН