Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІРШІЛІКТІҢ ШЫРАЙЫ, ОТБАСЫНЫҢ ШЫРАҒЫ

ТІРШІЛІКТІҢ ШЫРАЙЫ, ОТБАСЫНЫҢ ШЫРАҒЫ


Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді М.Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан десеңші! Аяулы жар, қамқор ана, білікті маман. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылып жатыр. Нәзік жандылар отбасының ырыс берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында белсенділік таныта біледі.
Аудандық мәдениет үйінің кіші залында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай бір топ ардагер аналар мен ауданның дамуына үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымын салтанатты түрде қабылдап, құрмет көрсетті. Ол өз сөзінде адамзат баласына өмір сыйлаған аналардың, соның ішінде бүгінгі таңда қыз-келіншектердің мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласып, түрлі салада табысты еңбек етіп, ер азаматтармен бірдей мемлекеттік мекемелерде, заң шығарушы органдарда, кәсіпорындар мен қоғамдық мекемелерде қызмет атқарып келе жатқандығын айтты.
Сонымен қатар, аудан басшысы көктемнің осынау шуақты мерекесіне арналған жарқын кездесуге келген өмірін еңбекпен өрнектеп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған аға буынның өкілі, Ұлман Мәмірейқызын торқалы 94 жасқа толған туған күнімен құттықтады.
Ал, нәзік жандыларды құрметтің төрінен көрген аудан басшысына қыз-келіншектердің аттарынан аналық алғысын білдірген Ұлман апа ел тыныштығын, Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын іске асыруда еңбектерінің еселене түсуін тілеп, ақ батасын берді.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніндегі шаралар легі аудандық мәде­ниет үйінде «Әйел – тіршілік шырайы, отбасының шырағы» атты салтанатты концертпен жалғасты. Мейірімділік пен сұлулықтың, даналық және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні шиелі­лік аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Мемлекет басшысы: «Ұлы дала ұрпақтары әр уақытта анасын ардақтаған, қыздарын қадірлеген. Біздің салтымыз солай болуы керек», – дейді. Аудан әкімінің ықылас гүлімен ашылған шара одан әрі де көңілді нотада жалғасты. Осы орайда мерейлі мерекемен қылдан нәзік, қылыштан өткір қыздарды, жанынан ары қымбат аналарды, кимешегін кір шалмаған әжелерді аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов құттықтады. Ақ күріштің анасы десекте жарасқан Шырынкүл Қазанбаева, Күлмарал Нұрманова, ауданның Бибіпатымасы атанған Ұлман анамыз елінің тілеуқоры болып отырған жайы бар. Аталған абзал аналарға замандастары С.Ізтілеуов, С.Байжанов, Б.Нарықбаевтардың арнайы құттықтаулары ЛЕД экраннан беріліп, құрмет көрсетілді.

Дина ӘБІЛАСАНҚЫЗЫ,
Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
13 наурыз 2018 ж. 1 747 0