Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы даланың ұлы аналары

Ұлы даланың ұлы аналары

Әйел түсінігі тар ауқымға сыймайтынын аңғарған Мұхтар Әуезов «…Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» деген.
Қазақ әйелі отбасы, ошақ қасында ғана емес, қай уақытта болмасын мемлекеттік маңызы бар үлкен істердің де басы-қасынан табылып келеді. Әйел-аналардың әр істі дөңгелетіп әкететінін, қай салада да көшбасшы бола білетінін өмір тәжірибесімен дәлелдеген жандар өзіміздің өңірде де аз емес.
Ұлы Отан соғысы жылдары жолдастары Отан қорғауға аттанып, өздері тылда тер төккен Батыр аналардың еңбегі ерен. Ер адамның орнына трактор айдап, жер жыртып, отын тасып халыққа қызмет көрсеткен аналар соғысты да, ашаршылықты да көрді. Олардың ақтық демі таусылғанша бар тілектері – елдің тыныштығы, ұлттың амандығы болды.
Ауданнан шыққан 41 Еңбек Ерінің ішінде 5-еуі әйел-аналар болатын. Олар даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың шәкірттері, «Дала аруы» атанған, сөйте жүріп 13 сәбиді дүниеге әкелген «Батыр ана» – Ұлбала Алтайбаева мен еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде мәлім – Зәкира Ержанова, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, бар өмірін еңбекке арнаған, ер азаматтармен бірге трактор айдап, күріш еккен әйгілі Шырынкүл Қазанбаева, қой өсірудің шебері, майданға аттанған ерінің орнына қойшының таяғын ұстаған – Айша Меңлібаева, алқапта жүріп аяғынан айырылса да, мойымай трактор тізгінінен түспеген, қаһарман қыз – Жадыра Таспанбетовалар еді.
Жадыра апамыз туралы халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиев «Қыз-хисса» деген дастан, журналист Мұрат Күлімбетов «Жоқ, мен ораламын» деген очерк, жазушы замандасы Қуандық Түменбай «Қыз құрбым» деген эссе жазды, жергілікті ақындар Дәулетбек Байдрахманұлы мен Қуаныш Уәлішерұлы өз поэмалары мен жырларын арнады.
Сондай-ақ аудан әлеуетінің артуына, экономикалық жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан, ауданның бибіпатымасы – Ұлман Мәмірееваны да айтпай кету мүмкін емес. Өмірінің соңына дейін газет-журналды көзәйнексіз оқуы, туабітті тістерінің сол қалпында сақталуының өзі кез келген жанды таңқалдыра отырып, жігерлендіретіні сөзсіз.
«Алып анадан туады» демекші бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен құрсағы алтын аналар да ауданды жетерлік. Ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевты дүниеге әкелген Күлшат Үсенқызы, белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері, сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің алтын құрсақты анасы Рабиға Байділдәқызы, қарымды қаламгер, Президент аппаратының сектор меңгерушісі Ержан Байтілестің анасы Базаркүл Убайдуллақызы, филология ғылымының кандидаты, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Ахет Мамайдың анасы Сәфия Жақыпова, белгілі продюссер, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаевтың анасы Тұмаркүл Қоянбаева, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханды дүниеге әкелген Ажар Бәкішева. Бұл кісілер текті ұрпақты дүниеге әкеліп қана қоймай, бар асылды баласының бойына сіңіріп, халықтың қалаулыларын тәрбиелей білген аяулы жандар. Ендеше мереке қарсаңында ел үшін өлшеусіз еңбек еткен, құрсағына құт дарыған ардақты аналарға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Ерен еңбек қана адамды мақсатына жеткізетінін қайратты да жігерлі ісімен, өршіл мінезімен паш еткен біз сөз еткен аналардың өнегелі өмір жолдары аудан жастарының барлық уақытта жадында сақталып, жарқын істерге бастар бағдаршамы болса игі.


Гүлхан ЯХИЯ

09 наурыз 2020 ж. 1 424 0