Отан күші – отбасы
Ер адам ұлды, әйел адам ұлтты тәрбиелейді. «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жуантөбе, Бестам ауылдық округтерінде «Отбасы құндылықтарын сақтау және әйелдердің отбасындағы рөлін насихаттау» тақырыбында кездесулер өтті.
«Әйел деген сыйла қалқам ұлы
атты,
Өйткені, әйел Қаратаудай
қуатты.
Шаңыраққа шұғыласын
шашатын,
Күн нұрындай шуақты» – деп ақындарымыз әйел тақырыбында шабыт шақырып, қалам тербегені белгілі. Біз қазақ халқы ежелден ананы биікке көтерген елміз. Әйел – үйдің берекесі, шаңырақтың тіреуі, ұлттың ұйытқысы тәрбиенің бастауы. Қоғамда «Ана» деген ұлы есімнің қадір-қасиетін төмендетпес үшін түрлі іс шаралар атқарылып жатыр. Тәрбиелік мәні зор шараға аудандық әйелдер бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбет пен ауылдық округтердің ақ жаулықты аналары, қыз-келіншектері қатысты. Тақырып аясында көпті көрген аналарымыз жас келіншектерге тәрбие берудің негізгі міндеттері – ең алдымен дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, ар-ожданы мықты, мәдениетті, парасатты, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу болып табылатынына тоқталды. Отбасындағы ана рөлінің маңыздылығын, қадір-қасиетіне терең бойлады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» – деп ұлы жазушы М.Әуезов айтқандай, көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі, оның отбасылық тәрбиеге толық сусындауынан бастау алатыны хақ. Әйел бұзылса – ел бұзылады. Сондықтан, қызға қырық үйден тиым көрсетіп, салт-дәстүрді санасына сіңіртіп, асыл жар, ардақты ана тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етуіміз қажет.
Бекжан Ержігіт.