Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы. Өнеге. Құндылық

Отбасы. Өнеге. Құндылық



Өткен аптаның соңғы жұмыс күні. «Арман» мәдениет үйі. Мәдениет үйнің кіре берісінен-ақ бұл басқосудың бұрынғылардан өзгерек екендігін сезіндік біздер. Ауданның кіл белсенді аналары мен қыз-келіншектері жиналыпты. Өздері жасанып-ақ алыпты. Жүздеріндегі шаттықтың ізі ішкі әлемдеріндегі тұрақты тіршілікті айшықтағандай. Аналардың ізінен бір ерекше жылылық пен ізгілік ере жүретініне осы жерде тағы да көз жеткіздік. Біраздан көріспегендері бір-бірлерінен хал сұрасып, жағдай білісіп, қауқылдасып қалуда. Аталған ғимараттың фоесінде әйелдердің қолынан шыққан көз тартар дүниелерден көрме де ұйымдастырылыпты. Сонымен, айналадағы қиюы келіскен кездесудің әрісін бақсақ, «Ұлт руханияты: Отбасы. Өнеге. Құндылық» тақырыбын арқау еткен аудандық әйелдер форумы екен. Сөйтіп жиынның негізгі мазмұны да мақсаты да әйелдер және олардың қоғамдағы рөлі болмақ. Аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қатысып, шараны жүргізіп отырды.
– Қазақ халқы қай қоғамда да әйел мәртебесінің биіктігін әйелдерге, аналарға қамқорлығы мен сый-құрметі арқылы көрсетіп отырған. Адамзат баласының тыныс-тіршілігін, қоғамның даму барысын әйелдер қауымынсыз елестету де әсте мүмкін емес. Расында, әлем елдерінің өз алдына ұлт болып ұйысуында, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуында бұрымдыларымыздың алар орны айрықша. Себебі, әйел – отбасының ұйытқысы, ырысы мен жылуы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінен өзге қоғамның кез келген саласында ашық пікір білдіріп, маңызды шешім қабылдауға араласатын маңызды тұлға екенін ескерген жөн, – деген аудан басшысы әйелдердің қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі орны, елімізді дамыту жолында атқарған жұмыстары жөнінде айта келе әйелдер қауымдастығы, әйел-аналардың мақсат-міндеттері жөнінде пайымды пікір білдірді. Сөйтіп, форумның алғашқы сөзі «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» туралы айту үшін аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетке ұсынылды.
–Заман жаңғырған сайын Қазақстандық қоғам да өзге мемлекеттер секілді дәстүрлі құндылықтырын сақтап, берік етуге талпыныс жасауда. Кез келген салада әйел адамдардың әлеуеті артып, қоғамдық маңызды шешім қабылдай алатын деңгейге жетті. Әйелдер елімізде болып жатқан барлық саяси өзгерістерге, халықаралық дипломатиялық жұмыстарға, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласуда. Аудан тарихында Социалистік Еңбек Ері атанған бес батыр аналарымыз өздерінің есімдерін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып кетті. Қызылорда қаласының құрметті азаматы қатарында аудан бойынша 2 әй­ел­­ бар, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын 11 әйел иемденген. Сонымен қатар, аудандағы 80 мың халықтың 49 пайызын нәзік жандар құрайды, – деген Н.Әбілқасымқызы әңгімесін тарих беттеріндегі аналар бейнесімен айшықтап, деректер мен дәйектерді көпшілік назарынан тыс қалдырмады.
Ал, «Бірлік пен татулық – елдігіміздің нышаны» тақырыбын жан-жақты қозғаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Татьяна Нуштаева өзінің мемлекеттік тілде кідіріссіз сөйлеуі арқылы қошеметке ие болды.
Мұнан соң «Дені сау ұрпақ – жарқын болашағымыздың кепілі» тақырыбында амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Құрбанғалиева өз ойын ортаға салды.
«Ауылдық әйелдер кеңесі жұмысының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы» жөніндегі Телікөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Айсара Әбілдақызының бая­ндамасын көпшілік ұйып тыңдады. Зал сілтідей тынды. Өмірлік тәжірибесін алға тартқан ақ жаулықты әже бала тәрбиесі жөніндегі ойларымен баршаның ықыласына бөленді.
Сөйтіп, ауданның барша әйелдер қауымына Үндеу жарияланып, Үндеу жобасын оқу үшін сөз №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының жас ұстазы, ағылшын тілі пәні мұғалімі Фариза Сейілбекова ортаға озды.
Форум қорытындысында аудан көлеміндегі қоғамдық және саяси өмірге белсене араласып жүрген іскер, көшбасшы әйелдер, алтын құрсақты аналар мен өз кәсібінде жетістікке жеткен арулар марапатталып, мерейлері үстем болды. Бірқатар аналар түрлі аталымдарға лайық деп танылса, келесілері Шиелі ауданының 90 жылдық мерекелік медалімен мадақталды. Естелік суретке түскен нәзік жандылардың бас қосуы мерекелік ас мәзірімен өз мәресіне жетті.
Иә, олар отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, саясатта, бизнесте, өзге де бағыттарда қажырлы еңбек етіп, өз біліктіліктерін, іскерліктерін барынша танытып келеді. Сондықтан да, бұл жандарға қандай құрмет, қандай қошемет көрсетсек те артық болмас.

Дина ЖҮСІПОВА.
23 қазан 2018 ж. 1 136 0