«ДАРЫН» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Дарын» бастауыш партия ұйымында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған диалог алаңы өтті.Іс-шараның негізгі мақсаты Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарды түсіндіру, алға қойылған міндеттердің маңыздылығын талқылау және қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастыру.
Диалог алаңында «Дарын» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлнара Тымбаулиева баяндама жасап, Президент Жолдауында көтерілген негізгі мәселелерге жан-жақты тоқталды. Ол Жолдаудың мазмұны мен бағыттарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ел дамуының жаңа кезеңінде жүзеге асырылуы тиіс міндеттерге назар аударды.
Атап айтқанда, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, білім беру саласын жетілдіру, адами капиталды дамыту, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, қоғамның жаңғыруы мен мемлекеттің өркендеуі жолында әрбір азаматтың жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығы атап өтілді. Кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдары жөнінде пікір алмасты. Еркін форматта өткен диалог алаңы өзекті мәселелерді талқылауға және ұсыныстарды ортаға салуға мүмкіндік берді.
Гүлнара Тымбаулиева өз сөзінде Жолдауда айтылған бастамаларды халық арасында кеңінен насихаттап, оның негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ партия мүшелерін ел өміріндегі өзгерістерге белсенді қатысуға, қоғамдық жұмыстарға атсалысуға және ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуге шақырды. Кездесу қорытындысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға өз үлестерін қосу қажеттігін атап өтіп, осындай мазмұнды кездесулердің маңыздылығын жеткізді. Жиын Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру, қоғамдық пікір алмасу және ортақ міндеттерді саралауға бағытталды.








