БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар Жібек Баймұратова, Мұрат Тұрабаев, Нұрлыбек Мырзабеков, Ербол Жеңсікбаев, Кенжебай Жүсіп, Айнұр Архабаева, Әбіш Маханбет және сенімді өкіл Нұрболат Пірімбет бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.Жиын барысында аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар өздерінің алдағы жоспарлары мен негізгі басымдықтары жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар елді мекендердің даму бағыттары, тұрғындардың талап-тілектері, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары және қоғаммен тұрақты байланыс орнатудың маңыздылығы сөз болды.
Кездесу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері журналистиканың қоғамдағы орнына тоқталып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудағы ақпарат құралдарының рөлі жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ аудан тұрғындарын толғандыратын мәселелерді жария ету, елді мекендердегі оң өзгерістер мен өзекті түйткілдерді ақпарат кеңістігінде кеңінен қамту мәселелері талқыланды.
«Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Журналистер халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізіп қана қоймай, елді мекендердің тыныс-тіршілігін, қоғамдағы өзекті мәселелерді де кеңінен жариялап келеді. Сондықтан ақпарат саласы өкілдерімен ашық байланыс орнатып, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асу маңызды. Халыққа шынайы әрі нақты ақпарат жеткізу – ортақ міндет», – деп атап өтті Мұрат Тұрабаев.
Кандидаттар өз кезегінде журналистердің сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, халықтың үнін жеткізетін негізгі алаңдардың бірі. Сондықтан журналистермен тұрақты байланыс орнату, ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету айрықша маңызға ие.







