Қалам иелеріне құрмет
Қоғамның айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын журналистика – жауапкершілігі зор, жүгі ауыр сала. Ақпараттың ақиқатын арқау етіп, елдің мұң-мұқтажын жеткізіп, қоғамдағы оң өзгерістерді насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының орны әрдайым ерекше. Осы орайда кәсіби мереке – Журналистер күні қарсаңында аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов аудан журналистерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.Кездесу барысында аудан прокуроры журналистиканың қоғам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды. Ол ақпарат кеңістігінде адалдық пен шынайылықты басты ұстаным етіп келе жатқан қалам иелерінің еңбегі әрдайым жоғары бағалануға лайық екенін атап өтті. Сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң үстемдігін насихаттау, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайту жолында бұқаралық ақпарат құралдарының қосып отырған үлесіне ризашылығын білдірді.
– Журналист – халықтың үнін жеткізетін, қоғамдық пікірді қалыптастыратын маңызды мамандық иесі. Өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізіп, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Алдағы шығармашылық жолдарыңызға толайым табыс, шалқар шабыт, мықты денсаулық тілеймін, – деді Мейрамбек Маханбетжанов.
Мерекелік кездесуде бірқатар сала өкілдері аудан прокурорының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет және «Шарайна-Сейхун» газетінің редакторы Нұрмахан Елтай, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев бар.
Журналист еңбегі – күнделікті ізденіс пен жауапкершіліктің, табандылық пен адалдықтың жемісі. Олар уақытпен санаспай еңбек етіп, қоғамның тамырын дөп басып, халықтың талап-тілегін билікке, атқарылған игі істерді елге жеткізуде аянбай қызмет атқарып келеді. Сондықтан қалам иелеріне көрсетілген әрбір құрмет – сөз қадірін бағалаудың, еркін әрі сапалы ақпаратқа деген құрметтің көрінісі.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, журналистер өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде аудан прокуроры алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








