Үзеңгілестерінен үздік шыққан әріптес
Ақпарат ағынының кеңістігінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы ерекше. Қазіргі уақытта әлемді ақпаратсыз елестету мүмкін емес. Оны біз болып жатқан оқиғаны терең талдап, бағалап, сараптап, ақпарат берудегі жеделдіктен байқаймыз.
А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының ақпарат және байланыс саласы қызметкерлерінің күніне арналған «Қанатты қалам-2018» салтанатты шарасы өтті.
Қай кезеңде де қалам мен сөздің қалаулы шеберлері жоғары кәсіби деңгейімен және айқын азаматтық көзқарасымен ерекшеленеді. Олардан оқырман әрдайым анықтық пен пайымдылықты күтеді. Мұндай ізгі қасиеттердің қызылордалық журналист мамандарына да тән екендігі күмәнсіз. Шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттап, ізгі тілегін жолдады. Сондай-ақ, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы А.Оңғарбаев одақтың марапаттарын табыстады. Үздіктердің қатарында газетіміздің белді тілшісі Дина Жүсіпова да бар. Әріптесіміз Елбасының сарабдал саясатын насихаттап, ел мен жердің тарихы төңірегінде қалам тербеп, сыни-ұсыныс мақалаларымен, танымдық материалдарымен қоғамдық ой қозғап, өңірдің дамуына үлес қосуда.
Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласып, өнерпаздар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әннен шашу шашты.
Жұлдызай
ҚАУҒАНБАЕВА.