Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұрт жүрегінде қалған есім

Жұрт жүрегінде қалған есім

Жұрт жүрегінде қалған есім


…Есімнен кетпейді, 1996 жылы жасым қырыққа енді ғана иек артып тұрған кезеңде, мына біздей пақырыңыз туған топыраққа – Жаңақорған ауданына келе қалмай ма! Қызметтегі кезіміз. Мұндай сапарлау жиі-жиі бола бермейді, оған мүмкіндік те жоқ. Сол кездегі аудан әкіміне кіре қалып ем, дереу ұсыныс жасады. «Аудан жұртшылығымен кездесіп, алдағы шығар­машылық жоспарларың туралы айтарсың» деп, әй-шәйға қаратпастан, шешім жасап қойды. Келіспеске шара қалмады.
Қысқасы, аудан орталығындағы мәдениет үйіне халық лық толды. Көбісі – өзіме таныс ағалар мен апалар, за­мандастар-құрбылар, өнер мен әдебиет айналасындағы кісілер. Кеш басталардан жарты сағат бұрын Сыр өзенінің арғы бетіндегі күріш шаруашылығымен айналысатын елді мекеннен бір топ ақсақал-қарасақалдар бой көрсетер ме! Орталарында – өзім қатты сыйлайтын Машбек көкем. Шамасы, сол кісі бәрін ұйымдастырып, алып келген сыңайлы. Машбек ақсақалмен бұған дейін де бір-екі рет жүздескем. 1992 жылы ағайындардың басқосуы кезінде (оған да сәті түсіп келе қалармын ба) мені оңашалап, біраз сыр айтқаны бар-ды. Ауылдың қисайма шалдарының қыжыртпа әңгімесі емес. Жеке жұмыс, жеке шаруа жайы да емес. Көкем тереңнен қозғап, алыстан сермеп, ел болу жайын еселеп айтып, құлақ құрышын қандырар сөз өрбіткен-ді. Елдік әңгіме! Ауызбіршілік жайы! Адамшылық уәжі. Әрбір сөзі сол қалпында көкейімде қатталып та, жатталып та қалғаны бар. Енді, міне, мен секілді жұдырықтай баланың кішкентай жиынына алыстан ат шалдырып келіп тұр. Риза болып, алдынан шығып, «көке, сонша жерден несіне әуре болдыңыздар» деп қауқылдап жатырмын. Машбек ақсақал асықпай, сақалын сипап қойды да «сен қалам ұстаған жазушысың, ал жазушынының үлкен-кішісі жоқ, оны тыңдау, әр сөзіне мән беру – былайғы халыққа міндет шаруа» деп, одан бетер көтеріп тастады. Сол күнгі кешке Машбек Сапарбайұлы секілді ақжүрек қарияның қатысып отыруы маған бөлекше шабыт сыйлап еді-ау!..
Машбек Сапарбайұлы – апалаңы мен топалаңы көп өткен ғасырдың отызыншы жылдарында ел ішінде орын алған солақай саясатқа, әділетсіздік пен қиянат қысымға шыдай алмай, қыр асқан әулеттің ұрпағы. Балалық шағы сондай қиын кезге тап келді. Соғыс жылдарында небәрі он бес жастағы жас бала бойына қайрат жинап, тылда белі қайыса еңбек етті. Көршілес елдерде біраз жылдар уақыт жегізіп барып, қазақ топырағына қайта оралады. Ал, өзінің кіндік қаны тамған Жаңақорған өңіріне келіп қоныстануы – 1967 жыл. Сол кездегі кеңшар басшысы, елшіл азамат Әбдіғаппар Нұртазаев бастап, Мақаш Қожақов, Сәулебай Әйтенов секілді елге сыйлы кісілер алқалап, Мәкеңнің отбасымен елге оралуын өтіне сұрап, көші-қон шаруаларына қолғабыс еткені өзінше бір тарих. Зерделі азамат келісімін берсе де, дереу жеке көшіп ала жөнелген жоқ, өз отбасымен бірге Әжібек, Құрбанбек, Жәдігер, Камал, Есенбек (інісі) секілді бір-бір шаңырақтың иесі болып отырған үлкен әулеттердің де бірге қоныс аударуына ықпал етті, сөйтіп туған жерге бет түзеді.
Еңбек және тыл ардагері, еңбекті сүйетін Машбек Сапарбайұлы елге орала сала, Үкімет қаулысымен жанданып жүре берген «Түгіскен» массивін игеру (күріш шаруашылығы) жұмыстарына үн қосып, білек сыбанып алып, белсене кірісіп кетті. Егіс бригадирі, бөлімше басшысы секілді жауапкершілігі мол жұмыстардан тартынған жоқ. Тағдыр жарастырған Бибіш апамыз екеуі тату-тәтті отбасын құрып, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді, жақсы білім берді. Бердібек пен Нұрлыбек сынды ұлдарының есімін қазір бүкіл қазақ елі бек таниды. Екеуі де мемлекет және қоғам қайраткері биігіне көтерілді. Қалған ұл-қыздары да әке мен анадан алған ғибратын әрі қарай жалғап, туған елі үшін аянбай тер төгіп келе жатыр.
Еңбекті сүйген елшіл азамат Машбек Сапарбайұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Жақсы кісінің ұрпағымен мың жасайтыны ақиқаттың ақиқаты. Оның есімі ел жадында, жұртшылық жүрегінде.
…Мен осы күндері «әттең, Машбек көкем тірі болғанда, мына есейген шағымда ол кісімен мүлде тереңге бастап, өмір мен адам тағдыры, тазалық пен әділдік жайында молынан сыр бөлісер ме едім» деп армандап қоямын.
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы-драматург,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
18 қазан 2026 ж. 21 0