Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі



Жұмыр басты пенденің қанша жыл өмір сүріп, қашан, қалай жан тапсыратыны тек бір Аллаға ғана білгілі. Біреулер жүз жасап, ал біреулер он екіде бір гүлі ашылмай о дүниелік болып жатады. Осынау қамшының сабындай ғана қысқа өмірде халықтың алғысын алып, қошеметіне бөлену әрбір жанның қолынан келе бермейтін дүние.
Сәрсенбі күні аудан тұрғындары орталық алаңда мерекелік шараны атап өтіп жатқанда ауданның теріскей бетіндегі «Нұр Иман» мешітінің жамағаты Майраш Әлтайұлының 80 жасқа толуын атап өтті.
Ол 1939 жылы Жаңақорған ауданына қарасты, Қожамберді елді мекенінде дүние есігін ашқан. 1959 жылы Аманкүл Мүтәліпқызы екеуі шаңырақ көтеріп, 5 қыз бен 3 ұлды тәрбиелейді. Аудан орталығындағы «ЭРТЕС» мекемесінде қырық жылға жуық қызмет атқарып, сол мекемеден зейнеткерлікке шығады.
Жастайынан Алланы бір деп таныған Майраш ақсақал зейнеткерлік жасқа шықтым деп, үйде жатып қалған жоқ. Сол жылдан бері теріскей беттегі «Нұр Иман» мешітінде жаратқан иенің разылығы үшін қызмет етіп келеді. Жүректен жүрекке жете білетін зор дауысты азанымен тұрғындарды оятып, азанымен ұйықтатып келеді.
Азан айтуда уағыз дейді кейбір ғалымдар. Себебі азан мағынасы жағынан намазға және исламға шақыру болып табылады. Ал шынайы ықыласпен азан шақырғандар қиямет күні басқа адамдардан биік болып тұратыны хадистерде айтылған. Мешітте қызмет жасай жүріп, исламды үгіттеп келе жатқан оған ешқандай атақтың не болмаса біреудің алғысы керек емес. Уақытылы азан шақырып, от жағып, тазалап, мешітке қадам басқан жамағаттың кедергісіз құлшылығын жасаса болды. Өтіп жатқан жиынды да, тұрғындар мен мешіт жамағаты айтпай, жасырын ұйымдастырған екен.
Алла жолында қызмет жасаудың сауабын атап өткен мешіт имамы Самат Нұрсейітов ауданның бас имамы Б.Ұлжаевтың және өзінің атынан алғыс хатын тапсырды. Ал имамның сөзін жалғаған тұрғындар тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді.

Е.ДАТҚА.
03 мамыр 2019 ж. 933 0