Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі мереке ұлықталды

Мерейлі мереке ұлықталды


Өткен аптада сонау ауданнан шалғай жатқан сырдария өзенінің арғы бетіндегі шағын ауыл Қызылқайың елді мекенінде наурыз мерекесі тойланды.


Бұл ауылда мәдениет үйі болмағандықтан, барлық іс-шаралар ауыл орталығындағы №151 негізгі мектебінде өткізілді. Халқымыздың барлық салт-дәстүрлері мен жоралғылары: сүйінші сұрау, ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, асық ату ойыны, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күресі сияқты ұлттық ойындар да ойналып, жиналған қауымның көңілдерін бір көтеріп тастады. «Жас келсе іске» демекші жақында осы мектепке келеген бастауыш пән мұғалімі Айгүл Ташматова бүгінгі Наурыз мерекесінің қызықты өтуіне белсене қатысып мерекелік безендірулерді жылдағыдан ерекше етіп жасап, мерекенің сәнін кіргізгендей. Ұйымдастырушылық қабілетін белсенділігімен көрсетіп, «Қош келдің әз-Наурыз ауылыма» атты мерекелік шараның жүргізушісі де болды. Мектеп тәлімгері Б.Дүйсенова мен А.Ташматованың ұйымдастыруларымен өткен мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, келген қонақтар мен ауыл тұрғындарының алғысына бөленді.
Мереке соңында мектеп директоры Ергеш Қалтаев сөз алып, ауыл тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтап, шараны ұйымдастырған мектеп мұғалімдеріне шексіз алғысын білдіріп, бүгінгі ұлттық ойындардың жеңімпаздарын марапаттап сый-сияпат көрсетті. Шараға жиналған ауыл тұрғындары мен көрші ауылдан келген қонақтар дән ризашылықтарын білдіріп тарасты.

Ботагөз Дүйсенова,
тәлімгер.
02 сәуір 2019 ж. 1 106 0