Төл мереке – Телікөлде
Ұлыстың ұлы күнін Ә.Тәжібаев ауылы биыл ерекше тойлап өтті. Ауылдық мектеп алдына киіз үй тігіліп, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Наурыз мерекесінің көрігін қыздыруға атсалысты. Татулығы жарасқан телікөлдіктер Ә.Тәжібаевтің 110 жылдығын тойлауды туған жерінен бастап, шараны одан әрі қызықтай түсті. Мерекелік алаңда достық пен бірліктің алмайтын қамалы болмайтынын іс-шара арқылы тағы да паш ете білді.
Ұлы далада сан ғасырлар бойы тойланып келе жатқан ұлық мерекелердің бірі – Наурыз мерекесі. Осы айтулы күннен адамдар алдағы уақыттан мол үміт күтеді. Сондықтан, көктем мезгілі жаңару мен жаңғыру екені белгілі. Жыл сайын қазақ елі Наурызды ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық ойындар ойналып, әндер айтылып, салт-дәстүрмен тойланады.
Осылайша, Наурыз мерекесі мен Ә.Тәжібаевтің 110 жылдығын тойлау мақсатында ауыл тұрғындары мектепке қарай бет алды. Ежелден келе жатқан Наурыз мерекесіне дайындық та жоғары деңгейде екен. Мектептің алдына қарай беттей қалсаңыз оң жақ бетінде қонақтарға арналған киіз үй тігіліп, №214 мектептің еңбек пәнінен мұғалімі С.Қалекеева қол өнерден көрме ұйымдастырса, мектеп кітапханашысы Н.Оразымбет ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған кітап бұрышын ауыл тұрғындарына таныстырды. Ал, сол жақ жағы аспан астында шатыр тігіліп, дастарқан жайылып, сыр маржанынан дәм ұсынылды. Наурыз көжеден дәмтатқан қауымның қарасы қалың болды. Берекелі кең дастарқанда әзіл-қалжың мен ғибратты әңгімелердің тиегі ағытылғаны белгілі. Сондықтан болар, күн мен түн теңелетін Наурызды аталарымыз Ұлыстың ұлы күні деп бекер айтпаған. Иә, Наурызда табиғат жасарып, жаңарады. Ағаштар бүршік жарып, жер көгеріп, мал төлдеп, қорада шу болып, сай-саланы қуалай жылғалардан су ағып, бұлақ көздері ашылып жататын кезең бұл.
Содан кейін, мерекелік концерт қойылып, №214 орта мектеп оқушыларының Ә.Тәжібаев жырларынан «Көтерілген күмбез» шығармасынан драмалық қойылым көрсетті. Сахнаның безендірілуі де ерекше ілтипатқа ие болды. Осы шараға аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Той қызығын арттырған әсем ән мен мың бұралған келіндер биі телікөлдіктерді тербетіп тұрғандай әсер қалдырды. «Береке» әжелер ансамблі тәттілерден шашу шашса, Ә.Тәжібаев көшесінің тұрғындары ат-арбамен ұлттық киімдерін киіп, «Дедімай-ау» әнімен арнайы керуен жасап, шараны айшықтай түсті. Ал, ұлттық спорттық ойындар думаншыл қауымның делебесін қоздырды.
Спорт десе ауыл тұрғындары бір иығын беріп тұратыны баяғыдан белгілі. Сол дәстүрді сақтағандар Наурыз тойында бірнеше жарыс ұйымдастырды. Волейбол, футбол, арқан тартыс, гір тасын көтеру, сонымен қатар қой көтеру сайысы да біраз тартысқа түсірді. Қойды иығына салып алып көтеруге оншақты адам шықса да, Сағыныш Жұмаханды жеңе алмады. Сайыстағы қарсыластарынан өне бойы озық шығып, 120 рет көтеріп, қойды қанжығасына байлап, жеңімпаз атанды.
Телікөл ауылының тұрғындары ежелден табиғатпен етене араласқан, айдың амалын, күннің қабағын баққан ұлы даланың ұлық мерекесі, қазақтың төл тойын осылайша атап өтті.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.