ЕЛ ИГІЛІГІ – ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ
– Мұрат Шайтмағанбетұлы, ең әуелі ауданның ауыл шаруашылығы саласына жалпы шолу жасап өтсеңіз...
– Жалпы ауданда ауыл шаруашылық саласында биыл оң өзгерістер байқалып отыр. 2025 жылдың 1 қазанына дейінгі статистикаға сүйенсек, аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 40 миллиард 144,8 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,7 пайызға артқан. Оның ішінде егін шаруашылығының үлесі жоғары. Бұл бағытта 32 миллиард 188,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 104,1 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Ал мал шаруашылығында да тұрақты даму бар. Мұнда 7 миллиард 823,3 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артты. Инвестиция көлемі де жылдан-жылға көбейіп келеді. Биылғы 9 айдың өзінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына 1 млрд 619 млн 873 мың теңгеге қаражат салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84,3 пайызға көп. Ал тамақ өнімдерін өндіру саласына шамамен 647 млн 942 мың теңгеге инвестиция тартылды. Сонымен қатар шаруашылық құрылымдары техникалық базасын жаңартып жатыр. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 5 комбайн, 1 шөп шапқыш және 2 тракторды лизингке алу үшін құжаттар дайындалуда. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласына қосымша 1 млрд 450 млн теңге инвестиция салу жоспарланып отыр. Қорыта айтқанда, ауданның агросекторы тұрақты дамып келеді. Өнім көлемі де, инвестициялық белсенділік те өсіп жатыр. Ең бастысы – шаруалар жаңа технологияларды енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын әртараптандыру жиі айтылып жүр. Бұл бағытта нақты қандай нәтижелер бар?
– Иә, бұл – өте маңызды бағыт. Соңғы жылдары біз егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше мән беріп келеміз. 2025 жылы Шиелі ауданы бойынша барлығы 30 192 гектар жерге егін егілді. Соның ішінде күздік бидай – 1197 гектар, жаздық бидай – 694 гектар, дән жүгері – 862,5 гектар, мақсары – 1044 гектар, жаңа жоңышқа – 2661, ескі жоңышқа – 5409 гектар, ал негізгі дақылымыз күріш – 12 301 гектарды құрап отыр. Былтырмен салыстырғанда біраз өсім бар. Мысалы, бидай – 405 гектарға, жүгері – 227 гектарға, майлы дақылдар – 212 гектарға, ал көкөніс пен бақша дақылдары – 509,4 гектарға ұлғайды. Алдағы жылдары суды аз қажет ететін дақылдарды көбірек егуді жоспарлап отырмыз.
– Жер қатынастары саласы – ең жауапты әрі қоғам үшін маңызды бағыт. Бұл салада ашықтықты қалай қамтамасыз етіп отырсыздар?
– Дұрыс айтасыз, жер мәселесі – өте өзекті тақырып. Қазір бұл сала толығымен цифрланып келеді. Бізде 13 мемлекеттік қызметтің 11-і электронды түрде көрсетіледі. Жер сауда-саттықтары бұрынғыдай жабық емес, «е-Қазына» жүйесі арқылы электронды аукцион форматында өтеді. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді. Биыл мемлекет меншігіне қайтарылған 36 мың гектар жайылымдық жерді қайта айналымға енгізу үшін конкурс өткізуге дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар жер комиссиялары да онлайн форматта, көпшілік қатысқан ашық жағдайда өтеді.
– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында цифрландыру мен жаңа технологиялардың рөлі артып келеді. Бұл тұрғыда не істеліп жатыр?
– Бұл бағытта нақты істер бар. Биыл аудан бойынша 9500 гектар жер лазерлік тегістеуден өтті. Бұл әдістің пайдасы зор – жер біркелкі тегістеліп, егіске су бірқалыпты тарайды. Сонымен қатар шаруалар «АгроДрон» аппараттарын қолданып жүр. Бұл техника тыңайтқыш пен дәріні дәл әрі жылдам себуге мүмкіндік береді. Уақыт үнемделеді, әрі өсімдікке қажетті мөлшер нақты беріледі.
– Су мәселесі Сыр өңірі үшін өзекті. Бұл бағытта аудан қандай шешімдер қабылдап отыр?
– Иә, рас, биыл су тапшылығы қатты сезілді. Келер жылға осы жағдайды болдырмау үшін бірқатар каналда тазалау және жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Мысалы, 0-2 каналының – 3,8 шақырымы, Р-12 каналының – 3,6 шақырымы, Найманарық, Ботабай, Арын және басқа да каналдар тазаланатын болады. Су тапшылығы кезінде облыс әкімінің бастамасымен, облыс аумағындағы су тапшылығының алдын алу және егісті судан қалдырмау мақсатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен Қызылорда облысына еліміздің 19 облысынан көмек жіберілді. Оның ішінде 8 облыстан (Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы қаласы, Түркістан, Шымкент қаласы, Ұлытау және Жамбыл облыстары) Шиеліге СНП-500 маркалы 10 насос қондырғысы, 35 маман және 12 техника жіберілді. Барлығы 59 насос үздіксіз жұмыс істеді. Оның 49-ы дизельді, ал 10 данасы электрлі насос. Соның арқасында егістік судан қалған жоқ.
– Су мәселесін қаузап қалдық. Енді осы тұста тамшылатып суару әдісін енгізу бағытында қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
– Бұл – болашақтың технологиясы. 2025 жылы аудан бойынша 2100 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Оның ішінде 700 гектары – «Таң ЛТД» серіктестігінің жүгері егістігі, қалған 1400 гектары – жеке шаруалар мен тұрғындардың бақша және көкөніс алқаптары. Келер жылы бұл әдісті 3300 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл су үнемдеуге айтарлықтай әсер етеді.
– Ал мал шаруашылығының жағдайы қалай?
– Мал шаруашылығы аудан экономикасының маңызды бөлігі ғой. Құдайға шүкір, бұл бағытта өсім бар. 2025 жылдың 1 қазанына дейінгі мәліметке сүйенсек, ауданда 83 мыңнан астам ірі қара, 135 мыңнан астам ұсақ мал, шамамен 27 мың жылқы, 1865 түйе және 33 мыңнан аса құс бар. Жалпы мал басы былтырғы жылмен салыстырғанда көбейіп отыр. Өнім өндіру жағынан да жақсы көрсеткіштерге жеттік. Биыл 2701,7 тонна ет, 6164,4 тонна сүт және 1315,1 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл – аудан еңбеккерлерінің жүйелі еңбегінің нәтижесі әрі ауыл шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
– Мал азығы мен жем-шөп мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Бұл бағытта да жұмыс жоспарлы жүріп жатыр. 2025-2026 жылдың қыс маусымына 170 мың тоннадан астам шөп дайындалды. Оның ішінде 52 мың 158 тоннасы жоңышқа, 35 мың тонна сабан, 38 мың тонна жем. Қазіргі таңда жоңышқа шөбі нарықта шамамен 800 теңге, ал табиғи шөп 500 теңгеден сатылуда. Жалпы мал азығының қоры жеткілікті.
– Жылыжай шаруашылығы туралы айтып өтсеңіз. Бұл бағытта қандай жаңашылдықтар бар?
– Өздеріңізге белгілі, Шиелі ауданы бақша өсіру саласы бойынша облыста алдыңғы қатарда. Соңғы жылдары аудан халқы көкөніс пен бақшаны өздері өсіруге үйреніп алды. Бұл өте жақсы үрдіс. Қазір ауданда 8 жылыжай тұрақты жұмыс істеп тұр. Мемлекет тарапынан жылыжай салуға, құрал-жабдық алуға субсидиялар қарастырылған. Бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек. Нәтижесінде өнім жыл бойы үзілмей, тұрақты шығарылады.
– Аудан өнімдері сыртқы нарыққа да шығып жатқанын білеміз. Экспорт жайлы толығырақ айтсаңыз.
– Иә, дұрыс айтасыз. Соңғы жылдары шиеліліктердің еңбегі шетел нарығына да жол тартып жатыр. 2025 жылдың ақпан айынан бастап ауданнан бірқатар өнім экспортқа шығарылды. Атап айтқанда, Қырғызстанға – 352 тонна ақ күріш, Қытайға – 20 тонна мия тамыры, ал Ресейге – 710 тонна қарбыз, 260 тонна қызанақ және 245 тонна қауын жөнелтілді. Бұл – біздің өнімдеріміздің сапасы жоғары екенін әрі сұраныстың шетелде де бар екенін көрсетеді. Алдағы уақытта экспорт көлемін одан әрі ұлғайтуға күш саламыз.
– Аудан бойынша қандай ірі шаруа қожалықтары бар? Жалпы шаруалармен кері байланыс қалай ұйымдастырылған?
– Шиеліде ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ірі қожалықтар аз емес. Солардың қатарында «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков, «Төңкеріс К» – Бауыржан Көпеев, «Әшірбеков» – Бағлан Әшірбеков, «Халық» – Халықберді Мықанов, «Бидайкөл» – Талғат Байдалиев, «Алтын дән Шиелі» – Асқар Бердібаев, «Мақсат» – Мақсат Ташматов, «Бестам елі» – Балтабай Қошқаров, «Сейтжанов» – Шағдар Сейтжанов, «Бала би – 2004» – Пернебай Күзембаев, «Айболат – 2004» – Қанат Сәулебеков, сондай-ақ Асхат Ермахановтың «Жер жомарт» шаруа қожалығы белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл шаруашылықтар аудандағы ауыл шаруашылығының негізгі тірегі десек артық емес. Шаруалармен байланыс әрдайым тығыз. Бөлім мамандары үнемі жиналыстар, кездесулер, кеңестер өткізіп тұрады. Сол жерде шаруалардың ұсыныстары мен мәселелері талқыланады. Сонымен қатар WhatsApp пен Telegram топтары арқылы күн сайын жедел байланыс орнатылған. Кез келген шаруа келіп, жеке қабылдауға жазыла алады. Біз олардың әрбір сұрағын тыңдап, бірге шешуге тырысамыз.
– Алдағы уақыттағы басты мақсаттарыңыз қандай?
– Алдағы мақсаттарымыз айқын. Ең бастысы – ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, жастарды агросалаға тарту, кооперация мен цифрландыруды дамыту, шаруалармен тығыз жұмыс істеу – басты бағыттарымыз. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану және саланы тұрақты дамыту.
– Сөз соңында аудан еңбеккерлеріне не айтқыңыз келеді?
– Аудандағы барлық еңбеккергее шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің маңдай терлеріңізбен өсіп келе жатқан аудан – бәріміздің ортақ мақтанышымыз. Бірлік пен еңбектің арқасында әлі талай жетістікке жетеміз деп сенемін. Баршаңызға амандық, еңбектеріңізге береке тілеймін! – Сұхбаттасуға уақыт бөліп, өзекті мәселелермен бөліскеніңізге ризашылық білдеріміз!
Сұхбаттасқан Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ








