Аграрлық саланың әлеуеті зор
Фото ашық дереккөз
Облыс еңбеккерлері тағы бір жауапты маусымды ойдағыдай аяқтады. Егіннен мол өнімге негіз қаланды. Ауыл шаруашылы саласына тарылған инвестиция көлемі өсті. Төрт түліктің басы көбейді.
– Сыр өңірінде биыл жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы саласының үлесі 6%-ды құрады. Сондай-ақ, 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында 157 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 1,6 пайызға артты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының негізгі қорына 9,3 млрд теңге инвестиция салынды. Биыл 193,4 мың гектаға егін егілді. Оның ішінде, дәнді дақылдар 99,9 мың, майлы дақылдар 4,5 мың, мал азықтық дақылдар 69,2 мың, картоп, көкөнiс, бақша 19,8 мың гектарды шамалады. Оның ішінде басты күріштің көлемі 89,0 мың гектар. Су тапшылығы қиындығына қарамастан елдегі еңбекккерлер мол өнім алуға қол жеткізді. Нәтижесінде 503 мың тонна өнімді қамбаға құйылды. Күріштің әр гектарынан 56,5 центнерден жиналды, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басармасының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.
Облыста егісті әртараптандыру жұмыстарына өз деңгейінде мән беріліп отыр. Мал азықтық және майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақшаның егіс көлемін ұлғайту жалғасуда. Биыл әртараптандыру бағытындағы егіс көлемі 3 мың гектарды құраса, су үнемдеу технологиясын қолданылған алқап 872,5 гектарға жетті .
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару жолға қойылған. Биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мәлімет бойынша 20,1 млн. долларды құрайтын 36,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 21 мемлекеттіне экспортқа шығарылды. Олардың арасында күріш, балық өнімдері, күріш қалдығы, қамыс, күнбағыс тұқымы, көкөніс, жемістер, қауын, қарбыз, қызанақ, ірі қара бар.
«СБ» ақпарат