«СЫР ҰЛАНЫ» ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІНІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
«AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шалекеева, аудандық филиал жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Бауыржан Әбішев, Нұрсұлтан Сапарбаев «Сыр Ұланы» тынығу лагерінде болып, жазғы демалыс маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.Мониторинг барысында лагердің материалдық-техникалық базасы, асхана, жатын орындар, санитарлық тазалық, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және балалардың сапалы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова жазғы маусым басталғанға дейін лагерь толық дайын болуы қажеттігін атап өтіп, балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.
1986 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тынығу лагері бүгінде 7 ауысымда 700 оқушыны қабылдай алады. Әр ауысымда 100 бала демалады. Мұнда оқушылардың қауіпсіздігі, сапалы тамақтануы, санитарлық талаптардың сақталуы және тәрбие жұмыстары назарға алынған. Лагерь аумағында жазғы ойын алаңдары, спорттық жаттығу аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ шығармашылық үйірмелер мен мәдени іс-шаралар арқылы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған. Жыл сайын жазғы маусымда балалар осы жерде демалып, түрлі бағыттағы танымдық және тәрбиелік шараларға қатысады. Балалардың жазғы демалысы – олардың тұлғалық дамуы мен денсаулығы үшін маңызды кезең.






