Тоқаев: Қазақстан электр энергиясын қымбатқа сатып алып, арзанға қайтарып отыр
Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру аса маңызды. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.- Қазіргі жағдайда электр энергиясымен қамтамасыз етілу әрбір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін, тіпті экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші факторға айналды. Бүгінгі кезеңді, шын мәнінде, «электр энергиясының дәуірі» деп атауға болады. Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық прогреске айналдыру аса маңызды. Ашығын айтқанда, бұл бағытта проблемалар жеткілікті, - деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, елімізде кәсіби энергетиктер саусақпен санарлық, ал энергетика мәселелеріне арналған форумдар мен пікірталастар жиі әрі ауқымды деңгейде өткізіледі.
Сонымен қатар Қазақстанның энергетика саласы жыл сайын елеулі тапшылыққа тап болады. Соның салдарынан қыс мезгіліндегі электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңдерде көрші елдерден электр қуаты қымбат бағамен сатып алынады. Ал жазда сол электр энергиясы керісінше, айтарлықтай төмен бағамен кері қайтарылады.
- Міне, ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан қарапайым ғана «бизнес» осы. Маған мұның энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе екеніне сендіруге тырысады. Сондықтан кезінде Балқаштағы жылу электр орталығының құрылысын бастап қойған жерінен тоқтатып тастағаны да таңғаларлық емес. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа электр қуаттарын іске қосу мерзімі де кейінге шегеріліп жатыр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатқанын айтқан еді.








