ШЕШІМ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға атом электр стансаларын салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту болып табылады. Сейсенбі күні Шиелі ауданына АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов арнайы іс сапармен келіп, ауылдарды аралады. Әуелі Бәйтерек ауылдық округі тұрғындарымен жүздесіп, ой-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Кездесуде атом энергиясын пайдаланудың технологиялық ерекшеліктерін, заманауи атом стансаларын салу кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, еліміздің кадрлық ресурстары және ғылыми әлеуеті мен энергетика саласын дамытудың келешегі туралы айтты. Сондай-ақ атом электр стансасының құрылысы және оның ел экономикасына тигізер пайдасы турасында кеңінен тоқталып өтті.
– Қазіргі уақытта электр қуатының тапшылығы елдің оңтүстік аймақтарында байқалады, 2023 жылдың соңында ол 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Бүгінде бұл өңірлердегі электр қуатының тапшылығы солтүстіктен келетін ағынмен жабылуда. Еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының жаңа көздерін енгізбесе, тапшылық жыл сайын орта есеппен жылына 3%-ға өседі. Осыған байланысты атом электр стансасын салу экономикалық тұрғыдан ең тиімді шешім болып табылады. Сонымен қатар, атом электр станцияларының құрылысы мультипликативті әсер береді. Мәселен, жобаны іске асыру кезеңінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылса, стансаның жұмысы кезінде 2 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ АЭС-тегі әрбір жұмыс ілеспе салаларда 10-ға дейін жұмыс орнын ашады, бұл еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етеді, – деді Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов.
Халықтық штаб мүшесінің келесі аялдамасы Телікөл ауылдық округі болды. Жиында атом энергитикасы экологияны жақсартуға бағытталған стратегиялық шешім екенін атап өтіп, өзге де пайдалы жақтары туралы ауыл тұрғындарына мол мағлұмат берілді. Өз кезегінде сауалдарына мардымды жауап алған ауыл тұрғындары түсіндіру жұмыстарын жүргізген штаб мүшелеріне алғыстарын білдіріп, алдағы 6 қазан күні өтетін референдумға белсенді түрде қатысатындарын жеткізді.
М.ИБРАГИМОВ