Халыққа көрсетілетін қызмет сапасы артады
Әр мамандықтың өзінің қиыншылықтары болатыны белгілі. Сондай жауапкершілігі мол, өмір мен өлім арасында арпалысып жүретін мамандықтардың бірі – полиция қызметі. Олар тәуелсіз еліміздің тыныштығын қорғап, жалпы халықтың күндіз-түні алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасап, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қызмет етіп келеді.
Аудандық ішкі істер бөлімінде 120 полицей қызмет етеді. Оның 63-і жергілікті полиция қызметінде. Аудан көлемінде 32 учаскелік полиция қызметкерлері болса, кент орталығында 10 учаскелік инспекторлар мен 6 көмекші сақшылар бар. Олар ауданның 80 мыңнан астам халыққа қызмет етіп келеді. 2017 жылдың 11 айында ауданда 397 қылмыс дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың – 12,4 пайызға немесе 453-тен 397-ге төмендегенін көрсетеді. Өткен жылы да, биыл да аса ауыр қылмыс, қарақшылық, бопсалаушылық оқиғалары орын алмаған. Қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кісі өлтіру – 100 пайызға, бөтен мүлік ұрлығы – 2,5 пайызға, пәтер ұрлығы – 26,4 пайызға, бұзақылық – 49 пайызға, есірткі қылмысы – 7,5 пайызға төмендеуіне қол жеткізілген. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен жасалынған қылмыстар 61,5 пайызға (13-тен 5-ке) азайды. Ал мал ұрлығының 24,2 пайызға 62-ден 77-ге өсім алуына орай учаскелік инспекторлар «Қақпан» күшейтілген іс-шараларын жүргізуде.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесіне орай кентімізден жаңа полиция пункттері ашылды. Ауданға бөлінген 26 млн. теңгеге №1 пункт Ы.Жақаев көшесінен, №2 пункт кенттің теріскей бетіндегі Шәкәрім көшесі бойынан, ал №3 пункт «Көкшоқы» елді мекеніне орналастырылды. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасы арта түседі деген сөз. Ел тыныштығын күзеткен сертіне берік, тәртіпке қатал, намысы биік тәртіп сақшыларын барлық жағдай жасалып жатқанда, олар да тұрғындардың тыныштығы үшін қызмет жасай береді деген сенімдеміз.
Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.