Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл абаттанса, халық қанаттанады

Ауыл абаттанса, халық қанаттанады

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні еліміз үшін елеулі мерекелердің бірі. Сондықтан мереке аясында мектеп, мекемелерді есептемегенде ауданымызда қаншама іс-шаралар өткізіліп, игі бастамалар қолға алынды. Солардың бірі дала академигі атанған Ы.Жақаев ауылында орын алды.
Бұл ауылдың жолдары жөнделген. Жаяу жүргіншілерге арналып тротуарлар да салынған. Бас көшелері жарықтандырылды. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Өткен жылы Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі бой көтерді. Міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауыл әкімгершілігіне күрделі жөндеуден өткен ғимараттың кілті табысталды. Ашылу салтанатында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жиылған ауыл тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, «Бұл ауыл Н.Ілиясов ауылынан кем емес. Топырағы құнарлы, азаматтары еңбекқор. Жұмысты әлде де жандандыру керек», – деді сөз барысында қонақтар.
Игі шаралар мұнымен шектелген жоқ. Кентімізге қарасты Ы.Жақаев көшесі бойынан учаскелік полиция пунктінің де ашылуы өтті. «Сертіне берік, тәртіпке қатал сақшыларға бүгінгі таңда үлкен міндет жүктелген. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тікелей басшылығымен, жергілікті жерлерде учаскелік полиция пунктерін ашу қолға алынған болатын. Соған орай аудан әкімі Әшім Оразбекұлы мен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтардың қолдауымен біздің ауданға 26 млн. теңге бөлінген болатын. Осы шарапаттың аясында кент орталығынан 3 учаскелік пунктері құрылды. №1 пункт осы Ы.Жақаев көшесі бойында, №2 пункт кенттің теріскей бетіндегі Шәкәрім көшесі, №47 үйде, ал №3 пункт «Көкшоқы» елді мекеніндегі №21-ші үйде орналасқан. Халқымыздың санасы ғана емес, ауданымыздың бар тірлігі мен тіршілігі де рухани жаңғырып, алға басуда. Мұның бәрі – Тәуелсіздігіміздің, ұлт көшбасшысы, Президентіміз Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі деп білеміз», – деді ауданның Құрметті азаматы, отставкадағы подполковник Өркен Исмаил өзінің сөзінде. Сонымен қатар, ішкі істер бөлімінің жауапкершілігін тілге тиек еткен аудан әкімі Ә.Оразбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, лента қиылды. Қонақтар ашылған ғимараттың жұмысымен танысты.
Игі бастамалар №47 Ломоносов атындағы мектептің алдына көшет отырғызумен жалғасты. Көркейту-көгалдандыру бағытында мол тәжірибесі бар Пердәлі Архабаев бұл мезгілде көшет отырғызудың тиімділігін тілге тиек етті. «Тек егу технологиясын сақтаса, ұйқыда жатқан ағаштар көктемде міндетті түрде көгереді. Отырғызылған 250 түп көшет тамшылату әдісімен суарылатын болады», – деді ол әңгіме барысында. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы алдағы уақытта бұл маңға жарықтандыру жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.

Ерұлан ДАТКЕН,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ.
21 желтоқсан 2017 ж. 1 306 0