Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ

ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ

Ауылдың хал-ахуалын көріп, онда қандай жандардың тұратынын аңғаруымызға болады. Бұл ауылға келсеңіз, еріккеннен ел кезіп жүргендерді көрмейсің. Әрқашан қызу тіршілік, қайнаған жұмыс. Ауыл азаматтары еңбексүйгіш. Тәртіпке бағынбағандарды жөнге салып, түзу жолдың бағытын көрсететін ардагерлері де бар. Ауданның іргесінде орналасқан ауылдың басқа азаматтарын айтпағанда жастарын еңбекке баулып, жұмыспен қамтып жүрген жанның бірі – Әбжапбар Тұрманұлы.Әбжапбар Тұрманұлы 1954 жылы Бидайкөл ауылында туылған. Мектепті бітірген соң, сол жылы жарияланған республикалық Жақаевшылар қозғалысына үндеу қосып, өз туған жерінің ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында, 1971-1973 жылдары күріш екті. Еңбегімен еленген ер азамат 1972 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет Грамотасымен наградталды. 1973-1976 жылдар аралығында әскери теңіз флотында Отан алдындағы борышын өтеді. Еліне оралған соң, түрлі қызметтерде болды. Мына жұмыс ауыр, мына жұмыс ұнамайды демеді. Күрішші, механизатор, есепші, бригадир-механик, өндіріс бригадирі, шаруашылықта бас инженер, «Ынтымақ-ГТ» ЖШС бас директоры, 2013 жылдан бері «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы қызметінде. Еңбегі бағаланып, 2011 жылы Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы кәсіподағының І дәрежелі «Еңбек Даңқы» медалі және Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылы 10 қарашадағы жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Өткен жұмада ауыл ардагерлері, мектеп және аудан әкімі аппаратының өкілдері, сондай-ақ, ұжымдастарының қатысуымен Әбжапбар Тұрманұлының кеудесіне тағы бір алтын түстес төсбелгі тағылды. Оны аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Жақсылық Әлиев «Ұстаз жолы» қоғамдық қоры атынан «Агроөнеркәсіп» саласында еселі еңбек етіп, жұмыс сапасын арттыру жолында көп жылдардан бері жас жеткіншектерді тәрбиелеп, қызметтік міндеттерін абыройлы атқарғаны үшін алғысын айтып «Елеулі еңбегі үшін» орденін табыс етті.
3 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп, 8 немеренің атасы болып отырған Әбекең: «Гигант ауылдық округі 1976 жылы Ақмая ауылдық округінен бөлініп, өз алдына дербес округ болып құрылды. «Бидайкөл» ауылында 622 отбасы, 3509 жан мекен етеді. Көшелері асфальт, жүйелі маршрут және таксилер қатынайды. Жаңа мектеп ғимараты, дәрігерлік амбулатория, күрделі жөндеуден өткен клуб үйі, мешіт үйі, ауыл орталығындағы дәріхана тұрғындар үшін қызмет етуде. Бұның барлығы мемлекеттік бағдарламалар мен ауыл азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында жүзеге асып жатқан жұмыстар.
Жастар – біздің болашағымыз. Біздің ізімізді басатын тұяғымыз. Бүгін біз атқарып жатқан істерді осы жастар жалғастырады. Сондықтан, олардың білікті мамандар болғанын қалаймын. Сол себепті, оларға әрдайым шаруашылықтың қыр-сырымен бөлісіп отырамын», – дейді әңгіме барысында.
Иә, ағамызды жетістігімен құттықтап, елдің сенімін ақтайтын болашақ мамандық иелерін тәрбиелеп табыстан табысқа жете беріңіз демекпіз, біз де өз тарапымыздан.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
13 қараша 2017 ж. 2 184 0