Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отырар мұралары

Отырар мұралары

«Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» – деп еліміздің президенті айтқандай, тарихқа «Отырар өркениеті» деген атпен енген, тамырын тереңге тартқан өлкенің орны ерекше. Кешегі Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге қадам басуға үлкен жол сілтеді. Осы мақала аясында музей қызметкерлері Ұлы Отырар қорғанына саяхат жасап, сондағы археологиялық қорық мұражайы қызметкерлерімен кездесіп, тәжірибе алмасты.Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Отырар ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болған. Сондай-ақ, бұл қала Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны ретінде әлемге танымал. Сырдария мен Арыс өзендерінің екі жағасында бірімен-бірі иін тіресіп тұрған тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштер орналасқан бұл өлке республикамыздағы өзіндік орны бар туристік орталық болып табылады. Олардың әрқайсысы өз алдына ашық аспан астындағы мұражай деуге болады. Қазір қорық-музей қарамағында 4 республикалық, 130 жергілікті дәрежедегі ескерткіштер бар. Олардың жалпы көлемі 11000 гектарды алып жатыр. Әрбір ескерткіштердің өткен тарихымызды зерделеуде алар орны ерекше. Сондай-ақ, осы өңірдің тарихында өзіндік маңызы бар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар бар. Атап айтар болсақ, Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышақшытөбе және ХІІ ғасырға тән Арыстанбаб әулие кесенесі т.б. тарихи-мәдени ескерткіштер.
Отырардың қираған орны және осы аймақтың басқа да ескерткіштерін зерттеу ХІХ ғасырдың аяғында Ташкентте жұмыс істей бастаған археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің күшімен 1904 жылы жүргізілген қазба жұмыстарынан басталады. Кең ауқымды зерттеулер 1969 жылы К.Ақышевтің басшылық еткен Қазақ ССР Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы тарапынан басталып, қазіргі Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді. Бұл өңірде ежелгі тас дәуірі ескерткіштері де кездеседі.
Елбасымыздың бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасының 2004-2006ж.ж. «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасында көрсетілген жұмыстар ежелгі Отырардың қайта өркендеуі бағдарламасы бойынша жалғасын табуда. Бүгінгі таңда Арыс­танбаб кесенесі Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының зиярат ететін қасиетті орыны болып саналады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң кесенеге ерекше назар аударылып, оған толығымен реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, кіре беріс қақпа, зияратшыларға қызмет көрсететін қонақ үйлер, кітапхана, салт -дәстүр сарайы т.б. құрылыстар салынды. Мұражай қызметкерлері бізге Ұлы Отырар қорғанына экскурсия жасап, көптеген мағлұматтар берді. Қорғанды көргенде сол кездегі қанды қырғын көз алдымызға елестеді. Сол сапарда Отырардан музейге қоямыз деп теріп алған ыдыстың, құрал-сайман сынықтарын қорық қызметкерлері алудың қажеті жоқ, оны алып кеткен адамдардың қайтып әкеліп беріп жатқандығын айтты. Бұдан түсінгеніміз Ұлы Отырар қорғанының сондай киелі, ата-бабаларымыздың қаны мен көз жасы төгілген қасиетті жер екендігін сезіндік. Алған заттарды сол жерге қалдырдық...
Ия, тарихи жерді көріп, халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын келешек ұрпақтың еншісіне сол қалпында қалдыру, насихаттау, мына біз бен сіздің борышымыз екенін түсіндік.

Қ.Ыханова,
Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру
тарихы музейінің директоры.
13 қараша 2017 ж. 2 860 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031