Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жырдың нұры, жүректің сыры

Жырдың нұры, жүректің сыры

Өмірін өнегеге, көңілін өлеңге айналдырған жандар болады. Олар үшін жыр – жай ғана сөз емес, жүректің үні, ғұмырдың шежіресі. Осындай жанның бірі – ұлағатты ұстаз, ақын Рәзия Ысқақова. Жақында Н.Бекежанов ауылдық мәдениет үйінде «Жүректен шыққан жыр – сәуле» атты шығармашылық кеші өтіп, өнер мен өнеге тоғысқан тағылымды жүздесу көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кештің алғашқы сәтінен-ақ мерекелік көңіл күй сезілді. Тақырыпқа сай безендірілген сахна төрі рухани басқосудың мазмұнын айшықтаса, мәдениет үйінің фойесінде «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі «Ауылым» әнін әуелете орындап, қонақтарды әсем әуенмен қарсы алды.
Кеш тізгінін мәдениет саласының үздігі Құттықыз Ыханова ұстап, ақынмен мазмұнды сұхбат өрбітті. Жай ғана сұрақ-жауап емес, кейіпкердің жан дүниесіне үңілген сырлы әңгіме өрілді. Ұстаздық жолдың жауапкершілігі, ақындықтың қасиеті, өмір белестеріндегі қуаныш пен толғаныс сөз болды.
Жыр кешінің қадірін арттырған тағы бір ерекшелік – ақынға деген ел ықыласының айқын көрініс табуы. Аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, әйелдер кеңесінің мүшелері, сыныптастары мен курстастары, Қарғалы және Нартай ауылының тұрғындары, әріптестері мен қызметтестері арнайы жиналып, ақжарма тілектерін арнады. Нартай ауылының «Жезтаңдай» әжелер ансамблінің өнері де кештің көркін кіргізіп, ән мен жырдың ажарын аша түсті.
Салтанатты шарада Керделі ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Ыханов пен Қарғалы ауылдық округінің әкімі Дәулет Әбуов жылы лебіз білдіріп, аудан әкімінің құттықтауын жеткізді. Ал Шиелі аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығына тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Апамыз ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз, жүрек сырын өлеңмен өрген ақын. Айналасына мейірім мен шуақ сыйлап жүрген аяулы жанның өмір жолы мен шығармашылығы кейінгі ұрпаққа өнеге. Мұндай кештер адамның қадір-қасиетін танытып қана қоймай, сыйластық пен сағынышты, достық пен бауырмалдықты тоғыстырады, – деді Нәйла Әбілқасымқызы.
Шынында да, бұл кеш бір адамның өнер жолын дәріптеумен шектелген жоқ. Ол – ұстазға көрсетілген құрмет, ақынға білдірілген ықылас, жылдар бойы үзілмеген адами байланыстардың айғағы.
Кеш соңында көпшіліктің көңілінде әдемі әсер, жүрегінде жылы сезім қалды. Өйткені шынайы жырдың сәулесі сахнадан ғана емес, адам жүрегінен орын алады.

А.ИБРАШЕВА
10 қараша 2026 ж. 16 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

№83 (9450)

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30