СӨЗ БЕН САЗДЫҢ ҮНДЕСТІГІ
Байсын ауылдық мәдениет үйінде жергілікті ақын Ләззат Сәдуқызымен «Сөз бен саздың үндестігі» атты сыр-сұхбат кеші өтті. Әдебиет пен өнерді тоғыстырған тағылымды шараға «Әділет» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Жібек Баймұратова, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл тұрғындары мен өнерсүйер қауым қатысты.Сыр-сұхбатқа құрылған кеш барысында Ләззат Сәдуқызының өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен сөз болып, ақынның қаламынан туған сырлы жырлары оқылды. Ақын өлеңдерінің негізгі өзегіне айналған туған жер, махаббат, табиғат, ана мен әке тақырыптары кештің мазмұнын айқындай түсті.
Ләззат ақынның жүрек түкпірінен шыққан жырларына жазылған әндерді әжелер ансамблі мен ауыл көркемөнерпаздары орындап, поэзия мен саздың әсем үйлесімін көпшілікке ұсынды. Сөздің салмағын саздың әуені толықтырып, кешке жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады.
Ақын шығармашылығындағы туған жер тақырыбы – елге деген перзенттік сүйіспеншіліктің көрінісі болса, махаббат жайлы жырлары адам жүрегіндегі нәзік сезімдерді, сағыныш пен сырды бейнелейді. Табиғат туралы өлеңдерінен туған өлкенің көркем келбеті сезілсе, ата-анаға арналған жырларынан перзенттік парыз бен шексіз құрмет аңғарылады. Сыршыл ақынның өлеңдері сағынышпен өріліп, адамгершілік құндылықтарды дәріптейді. Оның жырларынан өмірдің қарапайым сәттеріне терең мағына бере білетін, адам жанындағы толғаныстарды сөзбен өрнектейтін қаламгерлік қолтаңба байқалады.
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, Оразбек Сәрсенбаев сынды жайсаң жазушының кіндік қаны тамып, Әбілқасым Сәрсенбаевтай қылқалам шеберінің ізі қалған қасиетті топырақта туып-өскен Ләззат Сәдуқызының бойынан өнерге деген құрмет пен жауапкершілік, сөзге деген талғам мен сезімге деген адалдықты аңғаруға болады.
Кездесу барысында сөз алған туыстары, достары, ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер ақынның адамдық болмысы мен шығармашылық қырларына тоқталып, жылы лебіздерін білдірді. Қарапайым еңбек жолын қаламмен ұштастырып, жүрек сырын өлең арқылы жеткізген ақынның шығармашылығына жоғары бағасын берді.
Ләззат Сәдуқызының «Қиялдағы махаббат», «Жүректерді дір еткізген» сынды сырлы жырлары кеш барысында оқылып, ақынның ішкі әлемінен сыр шертті. Оның өлеңдерінен мұң мен сағыныш, үміт пен сенім, қуаныш пен толғаныс қатар өріліп, оқырманын ойға жетелейтін сезім иірімдері көрініс тапты.
Кештің тағы бір ерекшелігі – ақын шығармаларының әнмен сабақтасуы болды. Өлеңге жазылған әндердің әжелер ансамблі мен ауыл өнерпаздарының орындауында шырқалуы сөз бен саздың табиғи үндестігін танытты. Бұл – жергілікті ақын шығармашылығын көпшілікке кеңінен танытудың, ауыл өнерпаздарының басын біріктірудің және кейінгі ұрпаққа рухани мұра қалдырудың жарқын үлгісі.
Өнер мен әдебиеттің тоғысқан бұл кеші көпшілікке рухани азық сыйлап, ақын шығармашылығын жаңа қырынан танытты. Қарапайым еңбек пен шығармашылықты қатар алып жүрген Ләззат Сәдуқызының жырлары ел жүрегінен орын аларына сенім мол.
Қаламыңыз мұқалмай, жүрегіңізден туған сырлы жырларыңыз оқырманын қуанта берсін!






