Ақын мұрасы – ұрпақ жүрегінде
Апта басында қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы, мұзбалақ ақын атанған Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты шара аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйі мен №47 Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің біріккен ұйымдастыруымен өтті.Кеш ашылуында ақынның өз даусымен жазылған «Есіңе мені алғайсың» видеосы көрсетіліп, сахнада Мұқағалидың өлеңдері мен шығармашылығы еске алынды. Жүргізушілердің айтуынша, ақынның әр өлеңі – жүрек түкпіріндегі сыр мен туған жерге деген махаббаттың айнасы.
Іс-шара барысында жас орындаушылар Мұқағалидің өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі көрініс пен өлең оқып, әндер орындады. Сонымен қатар поэзияға жанашырлық танытқан жас буын, ақынның махаббат, туған жер, Отан тақырыбындағы шығармаларын сахналық қойылымдар арқылы жеткізді. Шараға 80-ге жуық оқушы қатысты.
Кеш барысында Мұқағали Мақатаев шығармашылығының мәні мен рухани құндылығы кеңінен сөз болып, оның өлеңдері замандастары мен жас ұрпаққа өнеге екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Іс-шараны мектеп-лицей басшысы Жандос Сейдахметов пен аудандық мәдениет үйінің қызметкері Роза Мизамбаева қорытындылап, қатысушыларға алғыс білдірді.
Ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың мұрасы ғасырдан-ғасырға жалғаса бермек. Оның жырлары бүгінгі ұрпақ жүрегінде де жаңа леппен жаңғырып, туған елге деген сүйіспеншілікті оятады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ







