Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік ғұмыр – тауысылмас жыр

Мәңгілік ғұмыр – тауысылмас жыр

Жұма күні Бала би ауылдық мәдениет үйінде орталық кітапхана жетекшісі Азиза Дүрманова, Таңат Әбиев пен мектеп кітапханашылары Шара Қилыбаева, Анар Аимбетова және мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен іс-шара өтті. Кітапхана оқырмандарының атсалысуымен қазақ поэзиясының Хан Тәңірі атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды поэзиялық кештің шымылдығын Бала би ауылдық округінің маманы Хайдар Тәжиев ашып берді.
Кештің басты мақсаты – ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың орамды ойы, өткір өлеңдері, жауһар жырларын жиналған қауымға кеңінен насихаттап, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Мұқағали «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған» ақын. Кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббатты жырлай білген ақиық ақынның кешіне келген қауым ерекше әсерге бөленді. Осылайша өмірі өлең, өлеңі өмірге арналған Мұзбалақ ақынның ерекше сезім мен сырға толы өмір жолын слайд-шоу арқылы ауылдың өнерпазы ­Ержан Атабаев таныстырды.
Содан соң Мұқағали Мақатаевтың «Фариза жан» әнін өзінің бұлбұл үнін салып Жания Арыстанбекқызы орындаса, «Дарын» көркемсөз оқу клубының мүшелері және бір елдің мұрасындай болған ақынның сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы жырларымен өлеңдерін осы кітапхананың бір топ жас оқырмандары тебірене оқып шықты. Сондай-ақ әдеби кеште «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты ақынның кітап көрмесі мен ақын шығармасы, өмірбаянынан сыр шертетін туын­дылары халық назарына ұсынылды. Кеш барысында ақынның жары Лашынның болмысын сомдаған Асылзат Жұманазарованың қойылымы көптің қошеметіне ие болды.
Кешке ауыл мектебінің кітапханашысы Азиза Дүрманова, Анар Аимбетовалар лирик ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тебірене сөз сөйлеп, ақын шығармашылығын жан-жақты дәріптеу қажеттігін айтып, әдемі әңгіме өрбітті, жылы лебіздерін білдірді. Ауылдың өнерпаздары Әзімхан Мұсатаев, Ержан Атабаев пен Ару Садуллиналар әдемі әндерінен шашу шашып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.
Кешті тамашалауға келген көрермендерге алғысын білдіріп, ақын жырларын жатқа оқыған жастарға ауыл әкімі Аманкелді Шералыұлының алғыс хаттарын табыстады. Осылайша қазақ поэзиясының алыбына арналған шараны тамашалауға келген жұртшылық ақын өлеңдерімен сусындап қайтты.
Кеш соңында жиналған жұртшылық ақынның «Есіңе мені алғайсың» өлеңін қосыла шырқады.Іс-шара барысында барлық карнтин талаптары толығымен сақталды.

Шапағат Тілеубаев
16 ақпан 2021 ж. 533 0