Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас таланттар жалғаған көш

Жас таланттар жалғаған көш

Жақында Жиделіарық ауылдық клуб үйінде елге еңбегі сіңген ардагер– ұстаз, ақын, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Ерғара Жолдасовтың жарқын бейнесін ұлықтауға арналған «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты еске алу кеші мен «Жүрегімде – туған ел!» тақырыбында жыр мүшәйрасы өтті.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ерғара Жолдасов – ұстаздық пен ақындықты қатар алып жүрген, туған жердің қадірін жырына арқау еткен қаламгер. Қазақстанның білім беру ісінің үздігі атанған ол ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, жас буынның білімді де тәрбиелі болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар аудандық «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде де қалам тербеп, ел өміріндегі елеулі оқиғаларға үн қосты. Туған жер, ел тағдыры, адамгершілік пен өмір құндылықтарын арқау еткен өлеңдері арқылы оқырман жүрегіне жол тапты.
Кеш барысында сөз алған қонақтар ардагер ұстаздың өнегелі өмір жолы, адамгершілік қасиеттері, елге сіңірген еңбегі мен шығармашылық мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті. Оның ұстаздық қызметтегі жауапкершілігі, шәкірттеріне деген қамқорлығы, қаламгерлік қарымы мен азаматтық болмысы кеңінен әңгімеленді. Айтылған әрбір естелік артында өшпес із қалдырған жанның қадір-қасиетін айшықтап, оның есіміне деген құрметті еселей түсті.
Рухани кештің мазмұнын байыта түскен бөлімдердің бірі – №206 «Жиделіарық» орта мектебі мен ақынның ұрпақтары бірлесе ұйымдастырған мәнерлеп оқу байқауы болды. Сөз өнеріне құштар жас өрендердің басын қосқан сайысқа елді мекендердегі білім ошақтарынан 38 оқушы қатысып, туған өлке мен ақын мұрасына арналған өлеңдерді нақышына келтіре оқыды. Қатысушылардың өнерінен поэзияға деген ықылас пен көркемсөзді жеткізудегі шеберлік аңғарылды. Бірі туған өлкенің табиғатын жырласа, енді бірі елдік пен жерлік құндылықтарды өлеңіне арқау етті. Осылайша жас оқырмандар ақын шығармаларымен жақынырақ танысып, әдеби мұраны насихаттауға өз үлестерін қосты.
Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыға естелік сыйлықтар табысталып, үздік өнер көрсеткен оқушылар арнайы және ақшалай жүлделермен марапатталды. Сондай-ақ білім бөлімінің атынан берілген грамоталар мен сыйлықтарды ақынның ұлы Ғалымжан Жолдасов табыс етті.
Кештің тағылымды тұсында Ерғара Жолдасовтың ұл-қыздары сөз сөйлеп, әке есімін ардақтауға арналған басқосуға атсалысқан ұйымдастырушыларға, ауыл тұрғындарына, ұстаздар мен оқушыларға ризашылығын білдірді.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
10 қараша 2026 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

№83 (9450)

03 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30